Қазақстанда зейнетақы жинақтары бойынша кірістің тым төмен болуына және зейнетақы есебінен болатын жасырын қаржыландыру әрекеттеріне жол бермеу керек. Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров осылай мәлімдеді.

Ол Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев пен Қаржы министрі Бақыт Сұлтановға жолдаған депутаттық сауалында елдегі азаматтардың зейнетақы жинақтары бойынша кіріс төмен екенін және  инфляция деңгейі одан жоғары екенін айтқан.

"Осы жылдың үш тоқсанында БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 7,5 трлн теңгеге жетті, ал жалпы инвестициялық табыс - 462 млрд теңге. Осылайша кіріс деңгейі 6,1% болып отыр, осы кезеңдегі инфляция 7,1%-ға жетті. Теңгенің айтарлықтай әлсірегенін және түрлі жанармай отындарының қымбаттағанын есепке алар болсақ, инфяция мен зейнетақы жинағының кірісі арасындағы айырмашылық ұлғая береді", - деді Қоңыров.

Ол айтып өткендей, зейнетақы жинақтарын инфляциядан қорғауға заңнама бойынша кепілдік бар. Алайда қазіргі кездегі қолданыстығы ережеге сәйкес өтемақы төлеу инвестициялық табыс пен инфляция арасындағы айырмашылықтан жоғары болып отырған жоқ.

"Бастапқы кезде зейнетақы жүйесінде зейнетақы жинақтарының нөлдік инвестициялық кірісі принципі белгіленген. Алайда БЖЗҚ кірісті ұлғайтуға ынталанып отырған жоқ, өйткені олардың кірісі инфляция деңгейінен қалып қойған күннің өзінде мемлекеттік бюджетпен өтеледі", - дейді депутат.

Қоңыровтың сөзінше, салымшылар қаржысы қарыз алушылардың белгілі бір топтарына төмендетілген мөлшерлемемен берілгендіктен, зейнетақы жинақтарының инвестициялық кірісі төмен болуы мүмкін.

Осы себепті мәжілісмен үкіметтен БЖЗҚ-ның 2014-2017 жылдарға арналған инвестициялық кірістері және сол кезеңдегі инфляция өтемақысы бойынша зейнетақы жинақтарына бюджеттен төленген кепілдік төлемдері туралы ақпараттар беруді сұрады.

Айта кетейік, зейнетақы жинақтарына қатысты дау Қазақстанда жыл өткен сайын көбейіп келеді. Мемлекет тарапынан кепілдік бар деген күннің өзінде, қазіргі кезде қазақстандықтар зейнетақы қорына сенуден қалған.

“The Qazaq Times”