2017 жылдың басынан бастап 9 ай қорытындысы бойынша салымшылардың шоттарына бөлінген таза инвестициялық табыс 462 млрд теңгеден асқан. Бұл туралы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мәлімдеді.

БЖЗҚ мәліметінше, зейнетақы активтері бойынша инвестициялық табыс қаржы нарығындағы жағдай мен ҚР Ұлттық Банкі зейнетақы активтерін инвестициялаған қаржы құралдарының құнына байланысты. Зейнетақы активтері портфелін басқару бойынша инвестициялық қызмет туралы толық ақпарат БЖЗҚ-ның ресми сайтына орналастырылған.

Ұзақмерзімді келешекте табыстылықтың теңдестірілген деңгейін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі өз инвестициялық стратегиясында түрлі қаржы құралдарынан тұратын әртараптандырылған инвестициялық портфель тұжырымдамасын ұстанады.

"2017 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша ҚР ҰБ басқаруындағы БЖЗҚ-ның зейнетақы активтері барлығы 7 544,70млрд теңгені құрады, бұл көрсеткіш 6 680,14 млрд теңгені құраған жыл басымен салыстырғанда ол 864,56 млрд. теңгеге көп (өсім шамамен 13%)", - делінген баспасөз хабарламасында.

Бұл ретте БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерінің инвестициялық портфеліндегі борышқорлық қаржы құралдарын өтеуге орташа сараланған табыстылық осы жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша жылына 7,8% құраған.

“The Qazaq Times”