Талас облысының халқы Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевқа елден кешірім сұрауға 3 қарашаға дейін уақыт берді.  

Қазан айының 29-ы күні Талас қаласының орталығында 1000-ға жуық адам "Алмазбек Атамбаев президент сайлауы кезінде айтқан сөздері үшін облыс халқынан кешірім сұрасын" деп бейбіт шеру өткізген. Олардың сөзінше, Атамбаев сайлау кезінде жасаған мәлімдемелері арқылы Талас облысының халқына тіл тигізіп қана қоймай, осы әрекеті арқылы қазақ-қырғыз шекарасының жабылуына себепші болған. Осыған байланысты облыс халқы Атамбаевқа 3 қарашаға дейін уақыт берген. Егер ел президенті белгіленген уақытқа дейін кешірім сұрамаса, қазақ-қырғыз шекарасындағы жағдайды шешпесе, Қытайдан келетін тауарлардың не үшін ресми статистикадан үш есеге көп екендігін түсіндірмесе, онда облыс халқы бейбіт шеруге шығатынын айтқан. Бірақ ресми Бішкек Талас облысында болып жатқан бұл жағдайларға мүлде көңіл аудармаған. Тіпті қырғыз президентінің әкімшілігі аталмыш шеру өткен күннің ертеңінде Алмазбек Атамбаевтың кезекті еңбек демалысына кеткендігі жайында ақпарат таратқан.

Естеріңізге салайық, бұған дейін Талас облысының ақсақалдары Бішкек қаласында бітімгершілік делегациясын бастап барған болатын. Онда олар Алмазбек Атамбаевтан ел халқынан кешірім сұрауын талап еткен. Бірақ ол кезде де Атамбаев Талас халқының бұл сөзіне құлақ аспаған еді.

Жалпы Талас облысы Қырғызстан тарихында үлкен рөлге ие. Себебі 2010 жылы сәуір революциясы мен Құрманбек Бакиев кланына қарсы бас көтерулер дәл осы облыста басталған болатын.

“The Qazaq Times”