Өткен аптаның бас шенінде Қытай компартиясының XIX құрылтайы өз мәресіне жетті. Бұл құрылтай Қытайдың қазіргі басшысы Ши Жинпиңді (Си Цзиньпин/Xi Jinping) партия тарихындағы маңызды орынға көтерді. Сонымен бірге 24 қазан күні Қытай басшысының 2013 жылдан бері жолға қойып келе жатқан «Бір белдеу, бір жол» стратегиясы да ҚКП-ның құбыланамасына айналды. Оған қоса оның «Қытай арманы» деп аталатын саясаты да ел үкіметінің темірқазығы болып орнады.
«Бір белдеу, бір жол» бағдарламасының ҚКП жарғысына енуі, Ши Жинпиңнің бұл стратегияны жүзеге асыруға барынша ниеті болып отырғанын айғақтайды. Оған қоса, оның құрылтайдың ашылу салтанаты кезіндегі баяндамасында «күшті, қуатты мемлекет» деп сөз бастауының немесе Қытайдың халықаралық ауқымды мәселелердегі ықпалының арта түскенін қайта-қайта сөз етуі де бұған мысал бола алады.
Аталған құрылтай Қытайдың алдағы бағыты мен мақсатының тым арыда, айталық әлемнің теңдессіз алпауыт елі болуды көздеп отырғанын анық аңғартты. АҚШ-тағы «Уашингтон пост» (Washington Post), «The Wall Street Journal» атты танымал басылымдарда «Біз Трамппен әбігер болып жатқанда, Қытай жаңа тарих жазуға кірісті» немесе «Ши Жинпиңның «құдіреттенуі» АҚШ-Қытай саясатына нелерді алып келеді?» деген тақырыптардағы көлемді сараптамалар жарияланды. Бұл мақалаларда Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» стратегиялық бағдарламасы арқылы әлем елдері арасында активті саясатты ұстанғанын айтады. Ал, Трамп үкіметінің әлемдік маңызды мәселелерде тым салқынқандылық танытқанына сын айтып, Қытай үкіметінің бұдан пайдаланып отырғанын алға тартады.
“The New York Times” басылымында жарияланған «Қытайдың «Жаңа Жібек жолы» Америка үшін үлкен сын» атты мақалада мынадай мысалдарды келтірген: «Қытай алға қойған «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасы әлемнің 65 елін, Жер Планетасының 70 пайызын, ал энергия қорының 75 пайызын, өндіріс алыптарының 28 пайызын қамтып жатыр. Егерде бұл жоспарын жүзеге асыратын болса, онда Қытайдың ауқымы қысқа уақыт ішінде жедел кеңеюмен бірге, мұншалық байлықпен ұшыраса отырып өздерінің өнімдері үшін алып базар ашатын болады» делінген. Басылым тілшісі бірнеше америкалық мамандардың пікірін де ортаға салады. Олардың айтуынша, бұл жоспар жүзеге асып жатса, Қытай әлемдік дамуда аса қарқынды болған ағысқа кіреді және ол орынын ешкімге оңай босатпайтыны анық.
Қалай болғанда да өткен аптада ақырласқан құрылтайдан кейін, іргеміздегі Қытайдың «Ұлы даламызды» басып өтетін стратегиялық бағдарламаны жүзеге асыруға бел шеше кіріскені анық. «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасының отырыстарына қатысқан президентіміз де бұл бастамаға қолдау танытып қайтқаны тағы бар. Енді бізге бұл аламандағы өз бәсіреміздің бабын келістіріп, бағын ашу керек болғандай. Қалайда, біз үшін қазір айналамызда болып жатқан дүбірді қабақ қақпай қарағанымыз ләзім.