Қазақстандықтар дәрі-дәрмекті көп қолданатын болған. Ал отандық өндірушілер бұл сұранысты қанағаттандыра алып отырған жоқ. Себебі осы жылы дәрі импорты 33%-ды құраған, ал ішкі нарықтағы дәрі импортының үлесі 58-100%-ды құрайды. Мұндай мәліметті finprom.kz сараптама агенттігі таратты. 

Медикамент импорттаушылар қазақстандық нарықта өздерінің позициясын арттыра түсуді барынша қолға алған. Себебі осы жылдың қаңтар-тамыз айында 16,6 мың тонна дәрі-дәрмек жеткізілген және бұл 2016 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 32,9%-ға жоғары. Осылайша көрсеткіш 2016 және 2015 жылғыдан артық болып отыр.

Қаражат есебі бойынша дәрілердің жеткізілуіне жұмсалған қаражат та аз емес, 8 айдағы көрсеткіш 21,2%-ға немесе 524,2 млн долларға жоғары. Яғни бұдан 2014 жылдары қысқара бастаған дәрі-дәрмек импорты биыл қайта көбейіп отыр.

Импорттың артуы қазақстандық тұтынушылардың дәрі-дәрмектерге деген сұранысының артуымен байланысты. Олар антибиотиктерді мен басқа да фармацевтикалық препараттарды жиі тұтына бастаған. Ал қызмет көрсету және профилактикалық препараттарды сату төмендеді.

Қазақстандықтар қазірдің өзінде тек нақты ауруларды емдеу үшін қажетті дәрі-дәрмектерді сатып алады екен, ал иммунитеттің төмендеуін алдын алуға және нығайтуға арналған дәрі-дәрмектерді сатып алудан үнемдейді; противаминдер, витаминдер мен олардың түрлерін сатып алу соңғы екі жылда мүлде азайған. Мысалы осы жылдың 8 айында елімізде 85 тонна витамин мен провитамин сатылған, ал бұл өткен жылмен салыстырғанда 27% -ға аз.

Ал дәрі жеткізетін елдерге келер болсақ, Германия Қазақстанға ең көп дәрі әкелетін ел. Есептік кезеңде олардың елге әкелген дәрі-дәрмегінің үлесі  17,8%-ды немесе 93,4 млн долларды құраған. Ал Ресейден 10,8 млн долларға, Нидерландыдан 9,6 млрн долларға фармацевтикалық препараттар жеткізілген.

Айта кетейік, Қазақстанда әлеметтік маңызы бар дүниелердің бәрі қымбат және соңғы уақытта жемқорлық дауы да осы салаларға қатысы жиі туындап жүр. Тіпті міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетінен халықтың қалтасы көтере бермейтін қымбат дәрі-дәрмектердің тізімін көрмейсіз.

“The Qazaq Times”