Қазақстанда интернетті қазақстандықтардың 74%-ы қолданады. Ал жалпы әлем бойынша бұл көрсеткіш 82%-ды құрайды. Мұндай мәліметтер KANTAR TNS компаниясы жүргізген зерттеу жұмысында айтылған. Компания Google тапсырмасы бойынша зерттеу жасаған.

Қазақстанда интернетті белсенді пайдаланатындар 25-34 (30%) және 35-44 (20%) жас аралығындағылар. Қолданушылар арасындағы ерлердің үлесі - 47%, әйелдердікі -  53%.

"Интернетке қосылған құрылғылардың экосистемасы әртүрлі және әрбір адам бірнеше құрылғыны пайдаланатыны ескерілген. Мысалы қазіргі уақытта әрбір қазақстандық кем дегенде 2 интернетке қосылған құрылғыны пайдаланады. Сонымен олардың 64%-ы смартфондарды қолданса, 26% - ноутбукті, 10%-ы смарт ТВ-ны пайдаланады», - делінген зерттеу жұмысында.

Бұдан бөлек қазақстандықтар интернетке қосылуға мүмкіндігі бар нетбуктарды, планшеттарды, электронды кітаптарды, смарт-сағаттарды және трекерларды пайдаланады.

Ал смартфонды интернетті қолдану үшін пайдаланатындар саны жыл сайын артып жатыр. Сондай-ақ, мобильді технологияның дамуы видеоконтентті онлайн қарау процесін де өзгеріп жатыр. Сонымен 2017 жылы жасы 16-дан асқан қазақстандықтардың 58%-ы видеоларды компьютерден гөрі смартфоннан жиі көретін болған.

Жалпы KANTAR TNS компаниясы Connected Consumer Study зерттеу жұмысы кезінде 63-тен астам елдің респонденттеріне сауалнама жүргізген. Қазақстанда зерттеу жұмыстары 2017 жылдың 1 сәуірінен 30 маусымына дейін жүргізіліп, сауалнамаға 16 жастан асқан 1000 респондент қатысқан.

“The Qazaq Times”