Американың Freedom House адам құқығын қорғау ұйымы Net Freedom деп аталатын жыл сайынғы желі еркіндігі туралы рейтингісін жария етті. Бүгін (21 қыркүйек) жариялаған есепке сәйкес, Қытай қатарынан жетінші рет интернет еркіндігі төмен ел ретінде аталды. Ал, алға рет қатыстырылған Тайуан (Тайвань) желі еркіндігі бойынша әлемнің бесінші орынын иеледі.
70-тен астам мемлекет арасында жүргізілген желі еркіндігі рейтингі бойынша, Қазақстан 33-орында болып, интернет еркін емес елдердің қатарында тұр.
Аталған адам құқығын қорғау ұйымының есебіне сәйкес көптеген үкіметтер мен технология компанияларында желілік қадағалау бойынша тұтынушылардың құқықтарын бұзу әрекеттерінің көп екені анықталған. Айталық, былтыр бір жылдың ішінде 48 мемлекетте желілік қадағалау, интернет монополиясы, технология компанияларының қызметі және тұтынушылардың құқығы туралы заңдарды жаңартқан, толықтырған немесе жаңа заңдар бекіткен. Осының өзі үкімет пен технология компаниялары және тұтынушылар арасында желілік бақылауға қатысты дау-шарлардың мәселесі жылдан жылға ушығып келе жатқанын көрсетеді.
Freedom House мәліметіне қарағанда, кейбір үкіметтер заңдарды желілік қудалау мен бақылауды жүзеге асыру үшін пайдаланған.
Биылғы желі еркіндігін бағалау есебі бойынша Исландия, Эстония, Канада және Коста-Рика қатарлы елдер көш бастаған болса, Қытай қатарынан 7-ші рет төмен көрсеткіш көрсетіп тізімде Куба, Иран секілді елдерден кейін тұр. Ал, тізімнің соңғы қатарларын Мьянма, Беларусь және Уганда елдері қорытындылайды.