Венесуэлада сәуір айынан бері жалғасып келе жатқан саяси дағдарыс, оппозиция мен билік арасындағы теке-тірес елге жаңа экономикалық санкциялар, әлем наразылығы мен ішкі тұрақсыздықты алып келді. Әлеуметтік жағдайдың төмендеуі ел ішіндегі қылмыс пен зорлық-зомбылықтың артуына себеп болып отыр. ВВС тілшісі Каракаста тұратын венесуэлалық қариялармен болған әңгімесі арқылы бүкіл мемлекеттегі жағдайды сипаттап жазады.
Изабель Дубук - 87 жастағы зейнеткер. Ол өзінің 66 жастағы қызы Кариспен бірге тұрады. Қалған балалары мен немерелері Еуропа мен Америкаға қоныс аударған. Соңғы ұлы Венесуэладағы дағдарыс шиеленіспей тұрып, бірнеше ай бұрын Отанынан ізін суытыпты. Қарт ана балаларының бейбітшілік орнаған, өмір сапасы жоғары елдерге кетіп үлгергеніне қуанады.
1952-1958 жылдары Венесуэланы басқарған диктатор Перес Хименестің көзін көрген әжей, қатаң басшының тұсында да мұндай қиындыққа ұшыраспағанын айтады. "Біз күн өткен сайын өз үйіміздің қабырғасына түрмеге жабылғандай тұтқын бола бастадық. Үйден тек дүкенге не жұмысқа шығамыз. Аса маңызды себеппен болмаса, көшеге еркін шығу өте қауіпті. Есіктерімізге берік құлыптар орнаттық", - дейді.
Үкімет елдегі қылмыс статистикасын жариялауды тоқтатқаннан кейін, 2016 жылы Venezuelan Violence Observatory қоғамдық ұйымы 28 мың 479 адам зорлықпен өлтірілгенін хабарлаған болатын. Бұл әр 100 мың тұрғынның 92-сі деген сөз.
Бүтін ғұмырын әуе билеттерін тексеруші қызметіне арнаған Карис зейнетке шыққан соң, ағылшын тілін оқуға бел байлаған. Ол ағылшын тілінде сөйлейтін елдерге саяхаттауды арман етеді. Бірақ Венесуэлада келесі жылы 2,300% шарықтайды деп күтілген инфляциямен шет елге шығу аса қымбатқа түсетінін айтудың өзі артық. Өзінің қарттығы осындай ауыр әрі көңілсіз болатынын ешқашан ойға алмағанын жеткізген қариялар ауыр күрсініп қойды.
Изабель өз ата-анасының қарттық шағы балаларының ортасында қамсыз әрі бақытты өткенін сағынышпен еске алады. "Біздің қарттық шағымыздың берекесі қашты", - дейді ол.