Америкалық азамат, 84 жастағы діни қызметкер Jerry Hammond АҚШ-тың өз азаматтарына Солтүстік Кореяға баруға салған тыйымы оның кезекті сапарына кедергі бола алмайтындығын мәлімдеді. 1995 жылдан бері Солтүстік Кореяға гуманитарлық миссиямен 54 рет барған азамат туберкулез дертіне шалдыққан жандарды емдеумен айналысады. Осы жолы санкцияға қарамастан, қараша айында КХДР мемлекетіне тағы да бет түзеуге бел байлаған ол, Америка паспортын тартып алса да, өз ойынан бас тартпайтынын айтады. Бұл туралы ВВС ақпараттық агенттігі жазды. 

Фото: ВВС

АҚШ-тың шілде айында жариялаған америкалықтардың Солтүстік Кореяға баруына шектеу қоятын санкциялары ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап күшіне енді. Қазір Оңтүстік Кореяда тұрып жатқан Jerry Hammond Америка Үкіметіне өзінің алдағы сапары туралы ескерту хат жолдаған. Бірақ "ия" не "жоқ" деген нақты жауап ала алмаған діни қызметкер АҚШ Үкіметінің үнсіздігін келіскендеріне балағанын айтады. ВВС қызметкерлерінің ресми сұрауына АҚШ-тың мемлекеттік департаменті: "Америкалық азамат өз төлқұжатын дұрыс пайдаланбағаны үшін одан айырылуы мүмкін. Сондай-ақ қылмыстық жауапкершілікке тартылуы да ғажап емес", - былай деп жауап берген.

Jerry Hammond әр жылы Солтүстік Кореяға мамыр және қараша айларының алғашқы үш аптасында барады. Оның негізгі мақсаты - науқас адамның өмірін сақтап қалу. Солтүстік Кореяның төрт өңіріне дәрілік препараттар жеткізетін қария Eugene Bell Foundation қорынан қаржылай қолдау алған. Туберкулезбен ауыратын адамға 18 айда 5 мың долларға жуық ақша жұмсалатынын айтқан діни қызметкер мұндай шығындарды Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы көтере алмайды дейді. Осындай жеке қордың қолдауына ие болып отырған ол, визалық кедергілер болса, қолда бар тегін мүмкіндіктерді мұқтаж жандарға жеткізе алмай қалудан қорқады.

“The Qazaq Times”