БҰҰ-ның Солтүстік Кореяға қарсы салған санкциясын бұзғаны үшін төрт жүк кемесіне әлемнің кез келген теңіз портына тауар жеткізуге тыйым салынды. Ресми өкілдердің мәлімдеуінше, жүк кемелерінен КХДР қарсы қолданысқа енгізілген санкция тізіміне кіретін тауарлар болған. БҰҰ-ның қырына іліккен кемелер:  Petrel 8, Hao Fan 6, Tong San 2 және Jie Shun. Бұл туралы ВВС ақпараттық агенттігі жазды.

Ашық теңіздегі кеме қозғалыстарын бақылайтын MarineTraffic веб-сайтында  Petrel 8 кемесі Комор аралдарында тіркеліп, Tong San 2 Солтүстік Кореяда байқалған. БҰҰ-ның Солтүстік Корея санкциялары бойынша координаторы Hugh Griffiths бұл жағдайды "күтпеген оқиғаға" балады.

Естеріңізге сала кетейік, өткен айда БҰҰ Солтүстік Кореяның соңғы өткізген ядролық қару сынағына байланысты бірқатар санкция қабылдаған болатын. Жаңа экономикалық шектеу шараларына Солтүстік Корея экспортының негізгі тауарлары көмір, жеңіл өнеркәсіп өнімдерін сатып алуға салынған тыйым, КХДР кәсіпкерлеріне инвестицияға салуды тоқтату және аталған ел азаматтарын шетелде жұмысқа қабылдауға рұқсат бермеу кірді. Бұл бастамаға  алғашқыда вето қойып келген Ресей мен Қытай да қосылды. Қытай Солтүстік Кореяның ең үлкен сауда әріптесі есебінде жыл сайын оның экономикасына 3 млрд долларға жуық пайда әкелетін.

АҚШ-тың БҰҰ-дағы елшісі Никки Хейли Солтүстік Корея осыған дейін салынып келген санкцияларды айналып өтудің жолдарын тауып, оны астыртын қолдайтын мемлекеттер әрдайым табылатынын айтып, алаңдаушылық білдірген еді. Американың БҰҰ-дағы өкілінің айтқаны тура келіп, Солтүстік Кореяға қарсы салынған санкцияларды бұзған кемелер қолға түсіп отыр.

“The Qazaq Times”