АҚШ БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінде Солтүстік Кореяның соңғы өткізген зымыран сынағына қатысты талқылау ашудың еш маңыздылығы жоқ екенін ескертті. Өйткені мұндай сөз жүзіндегі кездесулердің көптігін Солтүстік Корея әлемдік қауымдастық оның әрекеттерін айыптап отырған жоқ деп түсінуі мүмкін.
АҚШ-тың БҰҰ-дағы елшісі Никки Хейли : "Солтүстік Кореямен келіссөздер жүргізудің, бұл тақырып аясында сөйлесе берудің уақыты бітті. Нақты іс-әрекетерге көшу керек", - деп мәлімдеді.
Солтүстік Корея осы уақытқа дейін БҰҰ-ның ескертулеріне қарамастан, бірнеше дүркін зымырандардың сынақтарын өткізіп, АҚШ-тың барлық қалалары олардың қарулы нысанасында екендігін дәлелдеді. Оған жауап ретінде Корей жартытүбегінде бірнеше әскери жаттығулар мен сынамалар өткізген Америка енді Пхеньянды бүкіл әлемнен оқшаулап, оған қысым көрсетудің амалын жүзеге асыруға бар күшін салып отыр. Жуырда Жапонияның Премьер министрі Синдзо Абэ мен Дональд Трамп арасында өткен кездесудегі экономикалық шектеулер туралы келіссөздер - осының айғағы.
Никки Хейли Қытай билігін КХДР мен АҚШ арасында таңдау жасауға шақырды. Солтүстік Кореямен сауда байланыстарын әлі де болсын үзбей отырған Қытайдың әрекеті Американың ашуына тигенге ұқсайды. Өйткені осы мәлімдемеден бұрын Дональд Трамп өзінің твиттер парақшасында АҚШ-пен саудадан миллиардтаған қаржы тауып отырған Қытай Солтүстік Кореяның қарулы бағдарламасын тоқтатуға ешқандай күш салмағанына наразы екендігін жазған еді.