Қазанның 5-сі күні Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон 65 жасқа толды. Осыған байланысты күні бүгінге дейін есімі елге таныс емес болып келген жазушы Лукмон Құрбонов 5-ші қазанды Эмомали Рахмонның құрметіне «Ұлт күні» деп атауды ұсынды.
Қазан айының 4-і күні Тәжікстан мемлекеттік басылымдарының бірі, «Джумурият» газетінде Лукмон Құрбонов есімді жазушы Эмомали Рахмон туған күнін «Ұлт күні» деп атауды ұсынған. Ол онда: «Жыл сайын Тәжікстан халқы елде бейбітшілік пен тұрақтылық орнатқан, ұлт көшбасшысы Эмомали Рахмон туған күнін шын жүрекпен атап өтеді. Бұл күнді президентіміздің құрметіне «Ұлт күні» деп атасақ ешкім қарсы болмас. Керісінше, тәжік халқының «еңбектеген баласынан, еңкейген қартына дейін» қолдайды деп ойлаймын» - деп жазған.
Соңғы жылдары Тәжікстан мемлекеттік телеарналары мен газет, журналдары ел президенті Эмомали Рахмонды мақтауда алдыларына жан салмайтын болған. Елдегі барлық арна өздерінің жұмыстарын Эмомали Рахмонды мақтаумен бастап, мақтаумен аяқтайтын болған. Тіпті мемлекеттік БАҚ өкілдері 2016 жылы Эмомали Рахмон отбасымен бірге Меккеге барып келгеннен кейін, оның әйеліне «Тәжікстан мұсылман әйелдерінің көшбасшысы» атағын беруді де ұсынған. Бірақ бұл жағдай біздің елге де таңсық емес. Бізде халық болып, жұрт болып жыл сайын ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күнімен тұспа-тұс келетін "Астана күнін" тойлаймыз. Ал желтоқсанның бірін арнайы "президент күні" деп заң жүзінде бекітіп қойғанбыз.