Қашаған іске қосылғалы бері шамамен 6,8 миллион тонна мұнай және 4 миллиард текше метр газ өндірілген. Бұл туралы ҚР Энергетика министрінің бірінші орынбасары Махамбет Досмұхамбетов мәлімдеді.
"Қазіргі уақытта өндіріліп жатқан мұнай көлемі тәулігіне 200 мың баррельден асады. Шикі газды пластқа қайта айдау процесін оңтайландырғаннан соң шикі мұнайды өндіруді тәулігіне 370 мың баррельге дейін арттыру жоспарланған. Осы жылы болжалды түрде 8 миллион тонна мұнай мен 4,5 миллиард текше метр газ өндіріледі", - деді Досмұхамбетов Алматыда өткен «Мұнай және газ» KIOGE-2017 атты 25-ші қазақстандық халықаралық конференция кезінде.
Оның сөзінше, газды қайта айдау деңгейін ұлғайту жобасы өнім көлемін арттыру мақсатында газды қайта айдауға арналған қосымша компрессорының құрылысы мен қолданыстағы компрессорларды жаңғыртуды көздейді.
Айта кетейік, бұған дейін Энергетика министрлігі биыл Қашағаннан 5 млн тоннадан астам мұнай мен 3,1 млрд текше метр газ өндірілуі мүмкін екенін хабарлаған.
Ал 2018 жылы кен орнында мұнай өндіруді 13 млн тоннаға жеткізу жоспарланып отыр.