Дональд Трамптың екі апта бұрын дауылдан зардап шеккен Пуэрто-Рикоға сапары сәтсіз басталды. Арал тұрғындарының күш-жігерін ерекше бағалап, қайғыларына көңіл айтып, жандарына демеу болар сөз айтады деп күткенмен АҚШ Президенті ел сенімін ақтамады. ВВС ақпараттық агенттігі жариялаған Дональд Трамп сапарының барысы туралы мақалада елден ерек пікірімен бәрін қайран қалдырып жүретін Американың мемлекет басшысы бұл жолы да көпшілікке талқыға салар тақырып тауып берді.
Дональд Трамптың Пуэрто-Риконың билік өкілдеріне айтқан сөзі:
- Кез келген өлім жаман, бірақ сіздер Катрина сияқты апаттардың салдарына көз жүгіртіп қарасаңыздар, мұнда болған жағдайдың онымен салыстыруға келмейтінін аңғарасыздар. Табиғаттың тосын сыйынан мыңдаған адамдар қаза тапқан өңірлер бар, ал сіздерде 16 не 17 өлім ғана... 16 құрбанды мың адам шығынына қарсы қойып қараңыз. Сіздер мен біздердің адамдарымыз бірлесіп еңбек етіп жатқанын, мұндағы жағдай соншалықты ауыр еместігін мақтан тұтуымыз керек.
ВВС журналисі Chris Cilliza "құрбандар санының аз болуы барлығы жақсы екендігін білдірмейтінін, дауылдан кейін ас-су мен алғашқы медициналық көмектен қағылып, жылу мен жарықсыз қалған елдің алдында айтылуы керек сөздер мүлде басқа болуы керек еді" деген баға береді. Журналистің пікірінше, 16 адамның жақындарын жоғалтқан кезде сезінген қайғысы 1000 адамның жоқтағандардың азасынан жеңіл емес.
Дональд Трамп Америка Пуэрто-Рико үшін көп нәрсе жасағаны, қыруар қаржы бөлгені туралы деректерді де тілге тиек етіп өтті. Бірақ осы тұста ВВС тілшісі мемлекет басшысының бұл әрекеті баласына мектепке қажетті құралдар алып беріп, кейіннен онысын міндетсінген ата-анаға ұқсайтынын айтады.