80 жылдан астам тарихы бар өнердің қара шаңырағы Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры 2017 жылдың 5 қазан күні сағат 16.30-да салтанатты түрде кезекті 83-ші маусымын ашады. Театрдың ашылуы артистерінің қатысуымен театр фасадындағы ақын, драматург Иран-Ғайыптың «Бөшке» драмасының негізінде режиссер Р.Жанаманов сахналаған көрініспен басталады. Бұл туралы театрдың баспасөз қызметі хабарлады.
Сондай-ақ, сағат 17.00-де Евгений Ионовтың «Ана жүрегі» спектаклінің премьерасы көрермен назарына ұсынылады. Қоюшы режиссері– Антон Зайцев. Қоюшы суретшісі – Сергей Мельцер. Сахналық биін қойған– Гүлжан Дәулетқұлова. Қойылым арқылы режиссер А.Зайцев қуыршақ театры сахнасына жаңа леп әкелді. Пьесаның мазмұны ауыр болғанмен, беретін тәрбиесі мол. Кез келген жастағы көрерменнің көңілін оятып, жүрегіне иман ұялатпақ. Анадан туған жалғыз ұл жоқшылықты місе тұтпай, ар көріп, анасына қарсы шығады. Тас қаланың тас жүрек жастарына қосылған жетесіз ұл, ұлым деп еңіреген ананың көзжасы қойылымның басты идеясын ашып көрсетпек. Баласының туған күніне қолында қалған жалғыз жанып тұрған балауыз шырақты сыйға тартпақ болған ана жүрегі сол шырақпен бірге сөнеді. Режиссер Антон Зайцев осы бір шынайы өмірді қуыршақ сахнасында қуыршақ тілінде сөйлетпек.
Ана бейнесінде– актриса Толқын Тлеулиева, қуыршақ бала – актер Руслан Абу және көпшілік сахнада театр артистері өнер көрсетеді.
83-ші маусым жоспары:
Қазан айының 20-24 аралығында Түркия елінде өтетін ІІІ Халықаралық театр фестиваліне «Арыстанның үрейін қалай емдеу керек?» (авт.: М.Дългечева, реж.: Э.Тотева-Андотова) және «Қуыршақ думан» (авт. және реж.: С.Шүкіров, Қ.Ешмұратова) қойылымдарымен қатысуды жоспарлап отыр.
Жаңа маусымда театр ұжымы Р.Отарбаевтың «Сағыныш шөбі», Е. Жуасбектің «Тоба» қойылымдарын, Б.Жораевтың «Батыр мен Алабай»,«Қожа мен спорт»,И.Сапарбайдың «Сыған серенадасы»,А.Гофманның«Щелкунчик» атты туындыларын кішкентай көрермендерге сахналап, тарту етпек.
Аталған өнер ұжымы сахналанған жаңа қойылымдарды арнайы театр сыншыларының сараптамасынан өткізуді дағдыға айналдырған.