Әлемдік классиканың тұнығы, тамыры тереңде жатқан айтулы трегедия, Шекспир шығармашылығындағы күрделі ой мен ауқымды астарды арқау еткен трагедия «Макбет» тұңғыш рет Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театрында сахналанды.
Трагифарс жанрында сахналанған спектакль режиссері осыған дейін «Ромео мен Джульетта» (авт.: У.Шекспир), «Ана – Жер Ана» (авт.: Ш.Айтматов) спектакльдерімен аты танылған – Дина Жұмабаева. Спектакль адам болмысының ішкі және өмір қағидаларына қарсы күресін бастан кешіретін кейіпкерлердің хәл-күйін бейнелейді. Мұнда философиялық, психологиялық, мистикалық ойлар пьеса сюжетінен ауытқымай отырып-ақ үйлесім тапқан. «Өмір ертегі...» дейтін репликамен аяқталатын спектакльде ерлі-зайыптылардың кінәсі мен өкініші, одан бөлек жалпы адамзатқа ортақ амбиция мен қорқыныштың арпалысқан күйі көрінеді.
Әлемнің мыңдаған театрларында түрлі режиссерлік интерпретациялармен сахналанып жүрген ауқымды трагедиядағы кейіпкерлердің қуыршақ бейнесінде ашылуы Шекспир кейіпкерлеріне өзгеше өмір сыйлады. Себебі, қуыршақ тілінде сахнаға шыққан Банко (М.Камалов), Донель Байн (М.Батырханов), Малкольм (Ғ.Амангелдіұлы), Макдуф (Р.Абу) сынды оқиғаның негізгі трагедия тудырушы кейіпкерлері бұрын-соңды бейнеленбеген ерекше мінездеме бере алды. Театрдың түрлі бағытта батыл тәжірибе жасап жүргенін ескерсек, кейіпкерлерді сомдаған жас артистер трагифарс жанрының тазалығын сақтап қана қоймай, образға тән дауыс, мінез, әрекет ерекшеліктерін дөп ашуға тырысқан.
«Макбет. Иллюзия» – үздіксіз ізденісте жүретін шығармашылық ұжымның потенциалын, қуыршақ шеберлерінің мүмкіндігін, режиссер мен композитордың шығармашылық тандемін және тұтас театрдың деңгейін көрсетер сәтті премьера. Көзіқарарқты көрермен дәл осы спектакль – қуыршақ өнерінің әлі де ашылмаған самсыған құпияларына ынтықтырады, тіпті тар кеңістікте-ақ биік ой айту мүмкіндігінің дәлелі.
Жыл бойы еңбек ететін театр ұжымы жас көрермендерімен бірге ересектерді де театрға қызықтырып, әрі бейнелі түрде айтқанда – «табындырып» үлгерді. Ересектерге арналған спектакльдер легін сахналау қадамы «Ана жүрегі» (реж.: А.Зайцев) қойылымынан бастау алғаны белгілі. Бұл бүгінгі таңда театр кеңістігі мен қоғамдағы қуыршақ театры өнерінің көкжиегін айқындап бергендей. Өнерпаздар мен өнер тамашалаушылары тылсым күш пен адам жанының сырына үңілген сайын тереңдей түсетін тың қойылымның театр репертуарынан лайықты орынын алатынына сенімді.
Театртанушы Бейбіт Әлкеева