Дін мәселесінің өзекті бола түсуі, оның қоғамдық болмыстың барлық салаларына әсер ететін күшті геосаяси факторға айналуы қоғамды құраушы жекелердің, мемлекеттің оған деген жаңа қатынасын қалыптастыруға итермеледі. Яғни, дін бұл күнде өзінің дәстүрлі қызмет ету аймағынан алқып шықты. Оған технологиялық прогрестің әсері болғанын да мойындаймыз. Себебі, дәстүрлі діни орталықтар қатынастың жаңа құралдары арқылы өз қызметін бұрынғыдан да табысты атқаруға мүмкіндік алды. Соның нәтижесінде діннің қоғамдық рөлі артты. Бұл ең әуелі азаматтардың наным-сенім еркіндігі белгілі және мемлекет басқару ісіне белгілі деңгейде қиындықтар тудырып отырғаны жасырын емес.
Осыдан бірер ғасыр бұрын Еуропада бұл үрдіс бұдан да күшті жүрді. Тұтас жүйені шырмаған христиан діні, Еуропаны еріксіз мемлекет пен дін қатынасын қайта реттеуге итермеледі. Бүгінгі Еуропаға қарайтын болсақ, олар мемлекет пен діннің ара-қатынасын реттеуден үлкен зиян тартқан жоқ. Керісінше, мемлекет дін шырмауынан шығып, ғылым-техниканың, қоғамдық салалардың дамуын жүзеге асырды. Ал, дін өз қызметінде тұрып, адамдардың рухани дүниесінің бекемдігіне кепілдік етті. Дегенмен, мұны айтып отырғанымыз Еуропаның бұл таңдауы бізге міндетті немесе бізге бүтіндей лайықты таңдау деген сөз емес.
Біз тәуелсіз, зайырлы елміз. Зайырлының бәрі бірдей дінді теріске шығармайды. Қазақстан өзінің тарих жолында зайырлылықтың бүтіндей дінді теріске шығарып, жойып жіберуге ұмтылған атеистік бағытын да басынан кешірген. Бірақ, бізді соған итермелеген алып идеологияның өзі күйреп, тұтас әлемнен болмаса да біздің тарих сахнамыздан кетті. Біз рухани өмірімізге жолдас бола алмаған идеологиядан кейін, бұрынғы діни сенімдер арқылы қоғам мен оның мүшелерінің рухани өмірінің кемелдігін сақтап тұруға тырыстық. Бірақ, бұл діндердің жаппай жаңғырып, жаңа діни ұйымдардың қаулап өсіп жатқан тұсына тура келді. Мұндай жағдай бір ғана ислам әлемінде емес, өзге діндерде де болды. Тіпті мүлде жат, жаңа ағымдар да пайда болды.
Міне осы құбылыстар бүгін біздің мемлекетіміз бен ұлтымыздың тұрақтылығы мен болашақ дамуына, ел болып тұруына салқынын тигізіп отыр. Оны біз діни экстремизм десек те, басқа десек те, анығы біздің ұлттық және тарихи болмысымызға сын-қатерлер алып келуде. Оның қоғамымызға тудырып отырған әсерлері туралы қайталай айтып жату артық. Ең бастысы кейбір ағымдар біздің мәдениетімізге, өткенімізге өзімізді қарсы қойғысы келеді. Бұл, бізге төнген қатердің ең сорақысы, яғни ұлттық кодымызға шабуыл жасауда.
Сын-қатерлердің пайда болуы ол өз алдына, ал біздің мақсатымыз тәуелсіз елімізді алға бастыру, ұлтымызды биік сапаға жеткізу. Діни экстремизм, радикалды топтар қоғамнан бөлініп шығып, сол қоғамға өз ойындағы ұшқары қалыпты зорлап таңғысы келеді. Тіпті сол қоғамға революция жасауға тырысады. Бұдан бұрынғы революцияның салған жарасы ұлтымыздың бойынан әлі кетіп болмады. Біз қалыбымызды өзгертіп, өзімізге күштеп таңатын идеологияларды қаламаймыз. Баянды, тыныш, эволюциялық жолмен дамуды таңдап отырмыз. Тіпті біз рухани жаңғырып, көне мен жаңаны саралай отырып, дамуға тың серпін береміз дедік.
Жоғарыда айтқанымыздай дін, мәдениет атын жамылған жаңғырықтар қоғамдық саланың барлық түрлеріне әсері күшейіп, шырмай түскен тұсында, тұрақты даму прогресіне де өзінің әсерін тигізетінін байқадық. Сондай кезеңде бізге діннің қоғамдағы рөлін, міндеті мен қызметін анықтай түсуге тиісті болғандаймыз. Яғни, біз Қазақстанға тәуелді зайырлылықтың үлгісін орнатуға тиіспіз. Ол үлгі діннің қоғамдық рөлі мен маңызын мойындауға, оны адамдардың рухани кемелдігіне, ізгілік пен жоғары адамгершілікке тәрбиелеуге қызмет етуге ғана бағытталуы керек.
Ғұлама Мұхтар Әуезов Кеңес үкіметі орнамай тұрып, «Алаш» қайраткерлері ұлтты тұғырынан түлетудің қамында жүрген уақытта шығарған «Абай» журналында жариялаған (1918 жыл) бір мақаласында: «Қазақты жуырда жетілдірмейтін тағы бір себеп діни фанатизм, ескі ғұрып-ғадат. Ескі молдамен алысып, елді адастырған қатасын жойғанша, тіршілік жұмысының барлығын дінге байлағанын қойғызғанша, жаңа оқу харам, жаңа мұғалім кәпір дегенін тоқтатқанша, талай заман өтер. Ақыл мен адамшылық сыйғызбайтын надан атаның ескі ғұрып-ғадатын жоғалту да оңай емес. Бұлар күшті тұрғанда мәдениет кірмейді», – деген еді. Жүз жылдан кейін де Әуезовтың бұл сөзі бізге ескерту жасап тұрса керек.
Өзіміз тұтынып отырған діннің біздің тарихымызға, болмысымызға, ұлттық қалыптасуымызға берген оң әсерлерін жоққа шығармай отырып, айналаға да көз тастайтын кезге жеттік. Діни фанатизмның ең үлкен қаупінің бірі өзінікін дұрыс санап, өзге жұрттың дамуына, олардың ғылым мен мәдениеттегі озық жетістіктеріне көз жұма қарауында (Олар адасушылар, Құдайдың қарғысына ұшыраушылар немесе кәпірге бұл өмірдің жәннатын берген, сондықтан олар бізден жақсы өмір сүріп отыр дейтін ұшқары сенімдер. Әрине бұл тұтас дін тұтынушылардағы ортақ көзқарас деген сөз емес). Бұл біздің рухани жаңғырып кемелденуімізге, тың даму жолын табуымызға үлкен тұсау.
«Біз жат идеологиялардың әсері туралы айтқанда, олардың артында басқа халықтардың белгілі бір құндылықтары мен символдары тұрғанын есте ұстауымыз керек. Тиісінше оларға өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз арқылы ғана төтеп бере аламыз», – деген болатын Н. Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында. Біз өзімізде бар құндылықтардың көмегімен ұшқары ағымдардан құтылып, дін мен ұлттардың ұқсамастығына қарамастан мемлекет болып ұйысатын жолды таңдадық. Бұл жерде мемлекетті құрушы ұлттың бастамашылығы ең үлкен рөл атқарады. Мемлекетті құрушы ұлт ретінде дамудан гөрі өзімізді шырмайтын қасаң идеяларды иеленіп кетсек, «бізге тиесілі игіліктердің сұраушысы кім болады?» деу қазіргі ұлтымыздың іздеуге тиісті жауабы болса керек.
Қазақстан ғана емес, тұтас әлемде дүниетанымдар мен ұғымдар жаңару үстінде. Дәстүрлі танымдарға түбегейлі қайшы болмаса да, белгілі бір жақтарын өзгертетін жаңа әлеуметтік сана оянып келеді. Бұл жаңа танымдар біздің ғасырымызға тура келді. Ол біздің дүниетанымымыздың кемелдене түсуін талап етуде.
Дегенмен, тарих бізге өмір сүрудің бай тәжірибесін қалдырған. Соған негізделгенде, ең өміршең идеология ғана адамзат қоғамымен ұзақ жасасады. Бірақ, бәрі бір ол да жаңарып, жаңғырып жаңа идеологияларға жымдасып кірігеді, не болмаса орнын босатып береді. Адамзат тарихын әр-түрлі сипаттауға болады. Тынбай жалғасқан мүдделердің қақтығысы десек те, ұлттардың, мәдениеттердің толассыз соғысы десек те болатындай. Соның бірі – біздің тұтас тарихымыз – наным-сенім мен дүниетанымның жаңару үрдісі деуге де болады. Есте қалған тарихымыздан бері қарай, соғыстар, даму мен құлдыраудың бәрін қамтып жатқан жолымыз, бізге біртіндеп кемелденген дүниетанымның ұзақ сапары ғана.
Біз түсініктер мен сенімдерімізді үздіксіз жаңартып келдік. Яғни, өзіміз сүрген өміріміздің мәнін, өлімнің, өлімнен кейін не болатынын, бізді қоршаған әлемнің сыры туралы, жаратушы туралы сенімдеріміз бен түсініктерімізді тоқтаусыз жаңаладық. Наным-сенімдер, діндер, идеологиялар алмасты. Ең қызығы – біз бір жаңа сенімді тапқан кезімізде, бұрынғысына үрке қарадық. Соған дейін иланған сеніміміз ендігі жерде түкке-тұрғысыз қораш сезіндік. Отты пайдалана білетін, қарапайым тас құралдар арқылы күнелткен байырғы адамдарға, одан біршама тілсімшіл от пен су, табиғат құбылыстарына табынған адамдардың танымын қабылдату қаншалық қиын болса, ал оларға тұтас жүйелі ислам, христиан нанымдарын сіңіру де соншалықты қиын еді. Бірақ көне мен жаңа танымдар уақыттың қазанында қайнай келе шекарасыз жымдасып, біздің танымымызда қалып қойып отырды.
Еуропа өзінің дүниетанымын жаңартып, дін мен мемлекет арасын бөліп, тұтас қоғам болып дінге деген түсінігін де жаңартты. Қазір Батыс әлемінде діннің тек ортақ символдық мән алған. Бұл яғни адамдарың бас тартуға болмайтын дәстүрлі рәсімдерінде және адам мен жаратушы арасындағы ұлы байланысқа ұмтылуына қызмет етіп отыр. Солай бола тұрса да біз еуропалықтардың биік адамгершілік қасиетте тәрбиеленіп отырғанын мойындауға тиіспіз. Сүрия, Ирак, Ауғанстандағы тіпті Африкадағы соғыс пен ашаршылық тақсіретін тартқан балаларды көптеп асырап алатындар да, түріне, дініне, тіліне қарамастан адам ретінде қол ұшын беретіндер де солар екеніне көз жұмбаймыз. Әрине біздің ұлтымызда да мұндай биік адамгершілік қасиет бағзы ғасырлардан бар.
Еуропалықтардың талдаған либерализмі бүгінде тығырыққа тірелсе де, коммунизм батпаққа батса да, бүгінде олардың басып өткен жолы бізге анық сабақ. Реализм мен прагматизмның таяу онжылдықтардың ұраны болуға жарайтынын президент Н. Назарбаев айтып өтті. Өз құндылықтарымыз негізінде жаңаша таным орнату біздің алдағы таңдауымыз.
Біз өзіміз заманның қалыптасып қалған діни санасында, таным түсінігінде тұрсақ та, болашақтағы бірнеше буын аттаған жаңа ұрпақтың жаңа таным-түсініктермен өмір сүретінін батыл мойындай аламыз ба? Олардың да құдайға сенетінін, алайда бізден гөрі дәлелді, иланымды құдайтану көзқарастарының болатынын елестете аламыз ба? Ғалым Мекемтас Мырзахметовтің «Бізді энергетикалық өріс басқарады, соның ары жағында ұлы сана тұр» дегеніндей біз олардың жаңа танымды қалыптастыра алатынын мойындаймыз ба? Қазақстан ғана емес, әлем жаңа танымдарға ойысқан тұста қоғамды кері тартудан гөрі, өз дүниетанымымызды алға сүйреу – рухани жаңғырудың ең негізгі парасы сол болса керек.