Петропавл қаласында «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымдары «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ мен «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ Солтүстік Қазақстан облысындағы құрылыс жүргізушілермен және жергілікті атқарушы орган өкілдерімен кездесті. Тараптар бірлесіп ынтымақтастық орнату мәселелерін талқылады.

Қазір Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде аймақтың 30 000 тұрғыны үй алу үшін ақша жинап жатыр. Оларға тиесілі жалпы депозит қоржыны 12,4 млрд теңгені құрайды. Салымшылардың барлығы бағасы аса қымбат емес, бірақ сапалы үй алуды жоспарлап отыр, ал банк бұл жолда оларға көмектесуді мақсат етеді. Сондықтан біз бар күш-жігерімізді бір жерге шоғырландыруды ұсынамыз. Құрылыс жүгізушілермен, жергілікті әкімдікпен, Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қорымен бірлесіп жұмыс жүргізе отырып, халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етеміз, жалпы аймақтағы тұрғын үй құрылысы нарығының дамуына көмектесеміз», - деді ТҮҚЖБ Солтүстік Қазақстан облысы филиалының директоры Райхан Әбдірахманова.

Солтүстік Қазақстан облысындағы құрылыс компанияларының өкілдеріне «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ кепілдік беру департаментінің жетекшісі Жаңыл Саяқова кепілдік беру механизмі, құрылыстың аяқталу кезеңінде кепілдік алу схемасы, құжаттар тапсыру тәртібі туралы айтып берді. Сонымен қатар шара қатысушылары үлестік құрылыс нарығы үшін маңызы жоғары жаңалықты бірінші болып білді.

«Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ осы аптада «Кепілдікті жарна мөлшерлемесін анықтау әдістемесіне» енгізілген өзгерістердің мемлекеттік тіркеуден өту рәсімі аяқталады деп күтіп отыр. Ол өзгерістер бағалаудың скорингтік моделі бойынша 60 және одан жоғары ұпай жинаған жағдайда барлық құрылыс жүргізушілері үшін кепілдікті жарна мөлшерлемесін 2% деңгейінде бекітуді қарастырады. Бұл қаржылық және үш сапалық көрсеткіш бойынша 60 және одан жоғары ұпай жинаған құрылыс жүргізуші кепілдікті жарнаны осыған дейін қолданыста болған 2-6% аралығында емес, жоба құнының 2%-на тең көлемде төлейтінін білдіреді», - деді Жаңыл Саяқова.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі, құрылыс жүргізушілер және Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қорының бірлескен жобалары қазірдің өзінде басқа қалаларда жүзеге асырылуда. Мәселен, Қарағандыда ынтымақтастық туралы үшжақты келісімге қол қойылды, ал Астанада үлестік құрылыс жобасы бойынша өтініштер қабылдау басталып кетті. ТҮҚЖБ салымшыларына «Millenium Park-2» тұрғын үй кешенінен 100 пәтер ұсынылып отыр. Өтініштерді қабылдаудың алғашқы 23 күнінде үлестік құрылыс қатысушысы атанып, төмендетілген бағамен пәтер сатып алуға 486 адам ниет білдірген.

“The Qazaq Times”