Талдықорған қаласында тұрғын үй кезегінде тұрғандар мен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның салымшыларына жаңа көпқабатты үйлердің 168 пәтері берілді. Мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасымен салынған несиелік тұрғын үйлердің кілтін облыс әкімі Амандық Баталов пен «Қазақстанның Тұрғын үй жинақ банкі» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова табыстады, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Қоныс иелерін құттықтаған облыс әкімі А. Баталов Талдықорған қаласын дамытудың жоспарына, соның ішінде 7-шағын ауданда салынатын құрылыс нысандарына қысқаша тоқталып, жаңа баспаналарына құтты болсын айтты. «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова жеке тұрғын үй құрылысын дамыту туралы өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойды.
Л. Ибрагимованың айтуынша, «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде қос тарап келісімі бойынша жыл соңына дейін Талдықорғанда банктің қатысуымен коттеджді қалашықта 48 жер үй салынып, пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Ал мұнан кейінгі екі жыл ішінде осындай жеке тұрғын үйлер санын 600-ге жеткізу межеленген.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы шеңберінде облыста 74,1 мың шаршы метр тұрғын үй салған. Соның ішінде «Тұрғындардың барлық санатына арналған тұрғын үй» бағыты бойынша 41,1 мың шаршы метрлік 12 үй немесе 609 пәтер салынса, «Жас отбасыларға арналған тұрғын үй» бағыты бойынша 33 мың шаршы метрлік 7 үй немесе 593 пәтер пайдалануға берілген. Жалпы 2017 жылы 6 үй салу жоспарланса, соның 4-еуі Талдықорғанда болмақ.