«ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін қалай қорытындылаймыз?» деп жүргенде Қазақстанда Парламентте ұсынылған латын әліпбиіне қатысты жаңа дискуссия басталып кетті. 11 қыркүйек күні Шайсұлтан Шаяхметов атындағы тілдерді дамыту орталығының директоры Ербол Тілешов қазақ тіліндегі латын әліпбиінің 26 әріптен тұратын нұсқасын таныстырды. Ал бұл қоғам пікірін екіге жарды. Бірі ұсынылған нұсқа бойынша қазақ тіліне тән төл дыбыстарының қос әріппен берілуіне қарсы шықса, енді бірі мұны «өркениетке ілесудің жолы» дейді. Ал бұған тіл мамандары мен саясаттанушылар, қоғам қайраткерлері не дейді? Жас буынның пікірі қандай? Алматыда өткен «Латын әліпбиіне көшу: Алматы талқылаулары» атты басқосуда біраз тұлғалар осы жобаға пікірін білдірді.
Жаңа бірдеңені ойлап табудың керегі жоқ
Ахмет Байтарсынұлы атындағы мұражайдың жетекшісі Райхан Имағанбет латын әліпбиін 26 әріпке сыйғызып, батысшыл болудың қажеті жоқ екенін айтады. Оның сөзінше, ағылшындар мен орыстар ығыны жығылмай, олардың көлеңкесінен шығатын кез жеткен.
«Біз тілімізге «компьютерге бағын» деп отырмыз. Мен бұған келіспеймін. Ғалымдар бір әріпке, бір дыбысқа бір таңбаны бекер ойлап тапқан жоқ. 1931 жылғы Ахмет Байтұрсынұлының әліпбиі жалпы түркі емлесі ретінде мойындалып, Мәскеуде шығатын «Литературная энциклопедияға» кіргенде латынша нұсқасы берілген. Сондықтан жаңа бірдеңені ойлап табудың керегі жоқ. Сонша қып-қызыл шығынға ұрынудың да керегі жоқ. Сол таңбаны ұстай отырып, әліпби латынға көшетін болса түбінде көшеді. Дегенмен батысшыл болудың қажеті жоқ. Өйткені ағылшындар мен орыстар осылай айтты екен деп, біреудің боданында, көлеңкесінде келдік. Ал ол көлеңкеден шығатын кез жетті. Біз «ғаламтор» , «әуежай» деп айтқанда біз төл сөзіміздің жұтылып кетпеуін қаладық. Ал енді баламасы андай екен, мындай екен деп ағылшын сөзін пайдалана берсек, өзіміздің өркениетке қалай жұтылып кеткенімізді білмей қаламыз», - дейді тіл маманы.
Ал «Болашақ» республикалық қозғалысының төрағасы Дәурен Бабамұрат болса парламентте ұсынылған 26 әріпті латын әліпбиін «келемежге айналдырудың қажеті жоқ, QWERTY-ға кіруіміз керек» деген пікір білдірді.
«Мысалы біз «коментарий» деген сөзді екі «ий»-мен жазамыз. Бірақ ол кезең өтіп бара жатыр. Ал мұндай терминдерді, күнде пайда болған сөздерді қазақ тіліне сіңіру үшін оған орыс тілі арқылы айналып келетін болсақ онда біздің күніміз қараң. Сондықтан латын әліпибіне көшуді кешіктірмеуіміз керек. Ал кешегі ұсынылған нұсқаны келемеждеп, үш сөздің басын құрай алмайтын кейбір сарапшылар «анау дұрыс емес, мынау дұрыс емес» деп, енді «бізге латын әліпбиі не үшін керек?» дегенге көшіп кетті. Бірақ біз қалай болғанда да қазақтың төл дыбыстарына қатысты түрлі нұсқаларды қарастыра отырып, QWERTY-ға, яғни 26 таңбаның ішіне кіруіміз керек. Бұл заманның талабы. Ал төбедегі ноқат, құйрықты дыбыс болатын болса онда бастапқы латын әліпбиіне көшудегі мақсат жоғалады. Ал бір тілдің үстемдігін орнату үшін ол тіл әлемдегі озық үлгіде дамып бара жатқан тілдермен деңгейлес болу керек. Әлемде жаңадан айналымға еніп жатқан терминдерді оңай сіңіретіндей болуымыз керек. Ал оған жету үшін біз күшпен емес, білім мен ғылымды пайдалану керекпіз», - дейді Дәурен Бабамұрат.
Қазақ тілінің қоғамдық-саяси функциясы өте төмен
Латын әліпбиі туралы жазушы Бейбіт Қойшыбай да өз пікірін ортаға салды. Ол қазақтың төл дыбыстарын қосарлап берудің қажеті жоқ деп есептейді.
«Мен қазақ тілінің 42 әрпін 26 әріпке сыйғызуға да болады деп ойлайтын ем. Дегенмен әріптерді қосарлап бермеу керектігін де ойлауға болады. Біреулер сәтсіз деп жатыр. Шынымен де сәтсіз. Мысалы бұрын кирил әрпімен қазақ әліпбиін жасады ғой. Сол кезде «ң»-ды «ng» деп жазатын. Ал оны ешкім «ң» деп оқыған жоқ, «ng» деп оқыды. Мысалы Қоңырқожа Қожықовты орыстар «Коңгыркожа» деп жазды. Оны қазаққа дейін солай оқыды. Сондықтан қосарлап жазудың осындай тілдік қиындықтары бар. Лажы болса қосарлаудан құтылу керек» - деген пікір білдірді жазушы.
Бейбіт Қойшыбайдың сөзінше, қазіргі кезде қазақ тілінің қоғамдық-саяси функциясы өте төмен және оған мемлекеттік органдар тежеу боп келеді екен.
«Қазақ тілі шынымен мемлекеттік тіл болу керек. Ол үшін басқару органдары жұмыс істеу керек еді. Алайда соған тежеу салып келе жатқан - сол мемлекеттік органдар. Ал мұны талап ету керек. Үлкен кісінің сөзіне сенсек, «латын әліпбиі - тек қазақ ұлты үшін ғана» дейді. Ал бұл аса дұрыс сөз емес. Бұған «Қазақстан азаматы үшін» деп қарау керек. Осы мәселені шешсек, латын әліпбиіне енгізу өміршең болуы мүмкін. Ал осылай жалғасса, бұл осы жағдайда жалғаса беретін болса мазақ болады», - дейді ол.
Дамыған мемлекеттердің мәдениетіне өтуіміз керек
Ал саясаттанушы Руслан Жанғазы дамыған мемлекеттердің мәдени кеңістігіне өту үшін 26 әріпті латын әліпбиін қолдануымыз керек деген пікір білдіріп отыр.
«Қазір талқыланып жатқан латын әліпбиіне қатысты 3 модель ұсынылып жатыр. Біріншісі, біздің тіліміздегі ерекше әріптерді, дыбыстарды – диграфтау. Бұл сол енді ұсынылған әліпбидің моделі. Екіншісі – диакритика. Яғни қос нүкте немесе тағы басқа таңбалар қосу. Үшіншісі – өзбектердің апострофтауы. Ал менің ұстанымым – диграфтау моделі. Өйткені қазақ тілінің реформасының мәні мен мағынасы осыған келіп тіреледі. Ал оған қосымша таңбалар қосатын болсақ, бүкіл реформаның мәнін жоғалтады. Сондай-ақ біз латын әліпбиі арқылы түркі тілдес елдердің мәдениетіне емес, батыс әлеміне, соның ішінде АҚШ сынды ғылыми технологиясы, иновациясы дамыған мемлекеттердің мәдени кеңістігіне өтейін деп жатырмыз. Біз латын әліпбиі деп жатырмыз, ал оның астары – ағылшын тілі. Одан қорқудың қажеті жоқ», - дейді ол.
Қоғамдық пікірталасқа қатысқан журналист Бауыржан Карипов болса «ғалымдардың талқылауынан өтпеген латын әліпбиі Парламент депутаттарының алдында талқыланбау керек еді» дейді.
«Ғалымдардың пікірінен өтпеген ең сорақы жобаның Парламент мәжілісінде талқыланып, халыққа ұнамай қалуы, әлеуметтік желіде шулауы - бұл біздің деңгейіміздегі қазақстандық мобилизация. Біздің деңгейіміздегі саясат осындай болса керек. Меніңше, бұған шағым айту керек секілді. Неліктен сондай бір ғалымдардың талқылауынан өтпеген ең сорақы жоба Парламент депутаттарының алдында талқылану керек? Себебі қанша дегенмен олар елдің қамын ойлаған азаматтар. Ал олардың алдында мұндай жоба талқыланбауы тиіс. Біздің латын әліпбиіміз осы елдің Тіл білімі институтының ғалымдарына құлақ асса, шынымен халық игілігінде болса, ол «рухани жаңғыру» болады. Егер жемқорлықпен латын әліпбиі енетін болса, ешқандай рухани жаңғыру болмайды. Бұдан баяғы жартас сол жартас болып қалады», - дейді ол.
Қорыта келгенде, бұл мәселе әлі де өзекті болып қала береді. Қазақы қоғам мен батысшыл өркениет қатар келгенде әруақытта осылай екітүрлі пікір қалыптасатыны анық. Өйткені бірі дамыған заманның ағынына ілесіп, технологияның ығына жығылып, пернетақтадағы әріптерді ғана қолданған дұрыс десе, бірі қазақы болмысты сақтап қалуды көздейді. Негізі латын әліпбиіне көшудің өзі қазақ қоғамын «орыстанудан» сақтап қалудың бір жолы еді. Алайда оны да батыс пен технология саясатына байлап қойдық.