Жақыннан бері әлеуметтік желілерде Мьянмадағы мұсылмандардың қырғыншылыққа ұшырағаны туралы көптеп таралды. Миллиондаған адамдардың тағдыры тәлкекке түскен, неше он мыңдаған адамдар мекендерінен босып кеткен, сан-санақсыз әйелдер мен балалар аяусыз қорлау мен қырғындауға ұшыраған осы оқиға алдында әлемнің біраз елі үнсіз қарап отырды. Дін аралық қақтығыс пен аз санды ұлттарға көрсеткен қысым алдында «демократия бұлбұлдары» да «сайрамай» қалды. Бұл бүлікті тыныштандыру ма, әлде геноцид қырғын ба? Мьянмадағы қанды қырғын қалай туды? Ондағы мұсылмандардың қырғыншылығына әлем елдері қалай қарады? Төменде біз осы сұрақтарға байланысты шолу жасаймыз.
Ең әуелі сол елдің үкіметі аталған оқиғаға ресми қандай мәліметтер таратқанынан назар аударып көрелік. Мьянманың қауіпсіздік күштерінің мәліметінде, елдегі Рохинджа мұсылмандары арасындағы топтар елдің батысындағы орнықсыздықты пайдаланып, Ислам мемлекетін құруға күш салып жатыр деп шағымданыпты. Сонымен бірге халық арадағы кейбір күштердің оларға көмек беріп отырғанын айыптаған. Мьянма үкіметі өткен жұмада болған бірқатар зорлық-зомбылық әрекеттері үшін ауыр сындарға ұшырады. Алайда, осы елдің үкіметтік орындары «»Этникалық-рохинджа шабуылшыларының кішігірім тобы солтүстік Ракхайн штатындағы қауіпсіздік күштеріне қарсы алдын-ала ереуіл жасаған» деген мәлімет береді.
Мьянма әскери күштерінің көлденең тартқан себебі анық болды. Айталық, олар: «елдегі мұсылмандар Ракхайн штатында орнықсыздық қалыптастырып, Ислам мемлекетін орнатпақ» деген айыпты көзде ұстаған. Олай болса, біз Бирманың (Мьянманың) жалпы жағдайына азырақ тоқталып өтелік. Үнді-Қытай түбегіне орналасқан, Оңтүстік-Азия елі саналатын Мьянмада 55 миллионнан аса халық тұрады. Бұлардың 85 пайызы будда дінін ұстанатындар. Өзгелері христиандар, индуистер және мұсылмандар. Мұсылмандар елдің жалпы санының 4 пайызын ғана иеленеді. Көбінде Бангладешпен шекаралас батыс аймақтарда қоныстанған. Ал, осы мұсылмандардың көбі Мьянма елінде көршілес Бангладештен қоныс аударып келген босқындар ретінде қаралып келген. Осының өзі өңірде орын тепкен қырғыншылықтың түп тамыры арыда жатқанын аңғартады.
Мьянмадағы мұсылмандарға бағытталған қырғыншылық 25 тамыздан басталған. Мьянма үкіметінің мәлімдемесіне сілтеме жасаған “The New York Times” және “The Wall Street Journal” басылымдарының ақпаратына сүйенер болсақ, елдегі кейбір шағын исламдық топтар қауіпсіздік күштеріне шабуыл жасағанын растауға болады. Алайда, оның соңғы Мьянма үкіметі жағынан геноцид қырғынға ұласқан. Қарулы армия мен қоса тікұшақтармен жасалған шабуылдардан кейбір Рохинджа мұсылмандарының ауылдары тегіс өртке оранған. Бұл қырғыннан қашып құтылуға тырысқан тұрғындардың арасында суға кетіп қаза тапқандардың санын қосқанда неше жүздеген адамды құрайды деп хабарлаған “The New York Times” басылымы.
Рохинджа - Мьянманың батысындағы Ракхайн штатында тұратын мұсылман, этникалық саны аз халық саналады. Біріккен Ұлттар Ұйымының пікірі бойынша, олар будда дінін ұстанушы көпшілік қауым жағынан ондаған жылдар бойы қуғын-сүргінге ұшырап келген. Осы езгіге шыдамаған кейбір қарсылық көрсетуші топтардың әрекеті жаңа қырғыншылыққа себепкер болды.
Халықаралық көші-қон ұйымы сәрсенбіде берген мәліметінде өткен бір аптаның өзінде 18 мың рохинджа мұсылманы Мьянмадағы жаңа зорлық-зомбылықтан қашып, Бангладешке өткені, қазіргі кездің өзінде ондағы босқындар лагеріне паналаған рохинджа мұсылмандарының саны 76 мыңнан асып кеткені мәлім болды. Әйелдер мен балалардың қырғынға ұшырауын бөгеп қалу үшін ер азаматтар сонда қалып, қарулыларға қарсылық көрсетуге мәжбүр болғаны туралы да “The New York Times” басылымы хабарлады.
25 тамызда басталған қанды қырғында жалпы 400 адамның қаза болғаны белгілі болды. Олардың 370-і рохинджа азаматтары. Кейбір деректерде ауылымен қырылған рохинджа мұсылмандарының саны одан да көп делінеді. Алайда, мьянмалық ресми тұлғалар ондағы өлім-жітімге қатысты нақты есеп бермеді. Босқындар арасынан кейбіреуі 15 ауылдың түгелдей қырылғанын өз көзімен көрдік дескен. Халықаралық құқық қорғаушы бірлестіктер, тірі қалған рохинджалық отбасы мүшелерінің айтуы бойынша Мьянма әскерлері жағынан өлтірілген құрбандардың санын нақты анықтауға кіріскен.
Нью-Йорктегі «Human Rights Watch» ұйымы шабуылға ұшыраған 17 жер учаскесіне, спутниктік суреттерге талдау жасау арқылы 700-ге жуық ғимарат өртеніп кеткенін анықтады.
Мьянмадағы мұсылмандар қырғыны әлем назарында
Осы оқиғаға қатысты ақпараттар әлеуметтік желілерге тарқалғанға дейін, Мьянмадағы мұсылмандарға бағытталған қырғыншылық туралы Батыс елдері «ләм» деп ауыз ашпағаны адамды таң қалдырады. Адамдық құқық, наным бостандығы мен демократия туралы ауыз жаппай уағыздаған елдердің де үкіметтік деңгейде Мьянмаға қаратқан қатаң сөгіс немесе айыптаулары жайында еш дерек жоқ.
Ислам Ынтымақтастық Ұйымы Мьянма үкіметі мен қарулы күштерінің ондағы мұсылмандардың тұрағына мақсатты түрде өрт қойғаны туралы 29 тамыз күні қатаң сөгіс жариялаған болатын. Аталған ұйымның айыптауында: «Бұл оқиғалардың Рохинджа мұсылмандарының негізгі құқықтары мен Мьянма әкімшілігінің азаматтарды қорғауда халықаралық жауапкершіліктерінің бұзылғанын толық көрсетеді. Мұсылман саны аз өңірлерге бағытталған әділет пен азаматтық құқық ережелері іске қосылмағандықтан аймақта тұрақсыздық қалыптасты», – делінген.
Бұл оқиғада ең бір белсенділік танытқан ел – Түркия болды. Түркия жақ 26 тамыздан бастап, Мьянма үкіметінің қадамдарына қарсы пікірлер жариялай бастаған. Тіпті елдің президенті Режеп Тайып Ердоған бұл оқиғаны «мұсылман геноциді» деп бағалап, БҰҰ бас хатшысына осы мәселе туралы қоңырау шалған. Ол сөзінде: «Бұл мәселеде үнсіз қалғандардың бәрі де геноцидті қолдаушылар. Өзгелер үнсіз қалса да Әлемдік қауымдастық алдында Түркия бұл мәселені соңына дейін көтереді», – деді. Сонымен бірге Түркияның екі бірдей министрі Мьянмадағы және Бангладештегі Рохинджа мұсылмандарына кездесуге барды.
Шешенстан президенті Рамазан Қадыров Мьянма мұсылмандарына әскери көмек беретінін айтып жар салды.
Дүйсенбі күні, Рим Папасы осы елге қараша айында баруға жоспарлаған сапарын күшінен қалдырды және бұл қырғыншылықты айыптады.
Будда дінінің ең ықпалды тұлғасы, рухани көсемі, тибет Далай-Ламасы бұл туралы: «Біріншіден, мен буддист ретінде мұсылмандарға көп зардап әкелген бирмалық және шри-ланкалық буддистер үшін сіздерден кешірім сұраймын. Олар үшін мен қатты ұялам. Мен ең алғаш будда террористері мұсылман халқын қанды қырғынға ұшыратып жатқанын естігенімде ресми іс-сапармен Уашингтонда едім. Мен дәл сол буддистерге айттым: Егер будда сол жерде болғанда, ол міндетті түрде мұсылмандар жағында болар еді», – деген пікірін білдірген.
Ал БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриш жағдайдың нашарлауына алаңдаушылық білдіріп, Мьянма үкіметіне қатаң ескерту берді. Сонымен бірге БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде 19 қыркүйек күні арнаулы отырысы өтетінін хабарлады.
Күллі әлемнің назарын аударған бұл оқиғада, АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Израиль үкіметтері мен ресми ақпарат құралдары бұғып қалды. Оның арасында Сауд Арабиясы бастаған араб елдері де бар. Әлемде дін мен дін арасында үлкен қайшылықтар мен жанжалдардың басталып кетуі алдында, Халықаралық құқық қорғау, қауіпсіздік, ынтымақтастық ұйымдардың көпшілігінің ашық пікір жолдамағаны, мұсылмандардың ғана емес, адамзат алдындағы ең бір кешірілмес сын болып қалды.
Қақтығысты тудырған себептердің қандай болғанын анықтағаннан гөрі, жазықсыз миллиондаған халық қуғын-сүргінге ұшырап, мыңдаған адам зардап шеккен, кінәсіз сәбилер мен қауқарсыз әйелдер аяусыз жаныштауға ұшыраған бұл оқиғаны геноцид қырғын деп бағалауға толық негіз бар. Діни сенім мен аз санды халықтардың құқықтары аяусыз тапталған кезде, исламның түп қазығы саналатын араб жұртымен қоса, демократия, адамдық құқық жыршыларының әрекетсіз қалуы кешірілмес қылмыс.