Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі кемшіліктерге назар аударып, аталған жүйені енгізуге асықпауға шақырды. 

"Өзін жұмыспен қамтыған 3 миллион адам медициналық сақтандырусыз қалайын деп тұр. Сосын олар бізге не айтады? Оданда осындай негізгі мәселелерді шешейік. Мен тағы айтамын, бұған біз прогрессивті түрде өтетін шығармыз, мен бұған қарсы емеспін. Алайда тағы сүрініп кетпейік. Солай емес пе...(...). Егер бізде осындай сұрақтар туындап тұрса, сіздер неге "медициналық сақтандыруға"өтеміз  деп айтасыздар?", - деді Президент Парламенттің қос палатасының біріккен отырысында Премьер Бақытжан Сағынтаев пен Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа қарата сөйлеген сөзінде.

"Халықтың бір бөлігі медициналық қызметті тегін алып жатқанда, мен неге төлеуім керек?" деп айтады ғой. Мұны реттеу керек. Қашан реттеледі, біз сол кезде Парламентпен және сіздермен бірге бұл мәселеге қатысты шешімді қабылдаймыз. Мен дұрыс айтып отырмын ба?", - деп сұрақ қойды Президент үкімет өкілдеріне.

Айта кетейік, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енді. Медсақтандыру қорына әзірге жұмыс берушілер мен кәсіпкерлер жарна аударып жатыр. 30 тамыз күні Медициналық сақтандыру қоры аударылған қаражаттың 5,44 млрд теңгеден асқанын хабарлаған еді.

Ескеретін жайт, МӘМС жүйесі енгізілмей тұрып кейбір экономистер бұл жүйені енгізу Қазақстан үшін тиімсіз екенін айтқан.

Сондай-ақ, Президенттің қолдауына ие бола алмаған заң жобасы тек бұл ғана емес. 2016 жылы да Жер кодексіне қатысты шикіліктер шығып, Нұрсұлтан Назарбаев кодекстегі бірқатар нормаға мораторий жариялаған еді.