2017 жылдың 25 тамызын қоса алғанда медициналық сақтандыру қорына түскен аударымдар мен жарналардың жалпы мөлшері 5,44 млрд теңгеден асты. Оның 4,27 млрд теңгесі (жалпы соманың 78,5%) жұмыс берушілердің қарамағындағы жұмыскерлер үшін жасаған аударымдар, деп хабарлайды қордың баспасөз қызметі.

Ал 1,17 млрд теңге (21,5%) - жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғалардың жарналары.

Сақтандыру жарнасын төлеу жағынан Астана мен Алматы қалалары, сондай-ақ, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстары көш бастап тұр.

Болжам бойынша, 2017 жылдың соңына дейін қорға 23 млрд теңгеге жуық сақтандыру жарнасы (аударымдары) түсуі тиіс (оның 95 пайызы – аударымдар, 5 пайызы – жарналар).

Айта кетейік, шілде айында Қордың ҚР Ұлттық банкіндегі шотына 800 млн теңгеден астам қаражат түскен болатын.

Еске салайық, 1 шіл­де­ден бастап жұмыс беру­шілер мен жеке кәсіпкерлер және аза­мат­тық-құқықтық келісімшарт (АҚК) негізінде еңбек ететін тұлға­лар жарна төлеуді бастап кетті. Заңға сәйкес, жұмыс берушілер биыл жұмыскер жалақысының 1 пайы­зы көлемінде ақша аударады. Бірақ аударым сомасы 3669 теңгеден аспауы тиіс (15 ең төменгі жалақының 1%).

Жеке кәсіп­кер­лер мен осы санатқа теңестірілген тұлғалар, яғни, жеке мен­шік нотариустар мен сот орын­даушылары, адвокаттар, кә­сі­би медиаторлар Қорға 2 ең төменгі жалақының 5 пайызын аударады. Нақтырақ айтқанда, жарна мөл­шері 2017 жылы – 2446 теңгені құрайды. Оған қоса, жеке кәсіпкерлер қарамағындағы қызметкерлер үшін жұмыс беруші ретінде жарна аударады.

Сонымен қатар, 1 шілдеден бастап азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін азаматтар табысының 5 пайызын аударуы тиіс. Бұл топтағылар төлейтін жарнаның жоғарғы мөлшері 3669 теңгеден аспайды.

МӘМС шеңберіндегі медициналық көмек 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап көрсетіле бастайды.

“The Qazaq Times”