Шілде айында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша 0,8 млрд теңге көлемінде жарна түсті. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Ұлт жоспарының 80 қадамын іске асыруға бағытталған «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу» туралы ҚР Үкіметінде өткен брифингте мәлімдеді.
Ведомства басшысының айтуынша, болжам бойынша 2017 жылы 23 млрд теңге көлемінде міндетті сақтандыру жарнасы түсуі тиіс. Оның 95% жұмыс берушілердің аударымдары болса, 5% жарналарға тиесілі болмақ.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мәліметі бойынша, 2017 жылдың шілдесінде жүйеге түскен қаржы көлемі 800 млн теңгеге жуықтаған.
Түсімдердің басым бөлігі яғни 44% осы жылдың ІІ жартыжылдығындағы аванстық төлемдері есебінен жиналған.
Аударымдар мен жарналарды төлеу бойынша алдыңғы орында Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай және Алматы облыстары тұр.
Айта кетейік, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап іске қосылған болатын. Биыл аударымдар мен жарналарды жұмыс берушілер, жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарт негізінде еңбек ететін азаматтар төлейді.
Осы нормаға сәйкес, жұмыс беруші ай сайын қарамағындағы жұмыскер жалақысының 1% көлемінде аударым аударады. Бірақ аударым сомасы 3668,9 мың теңгеден аспауы тиіс (бұл – 15 төменгі айлық жалақының 1%).
Жеке кәсіпкерлер мен осы санатқа жатқызылған жеке меншік адвокаттар және нотариустар, кәсіби медиаторлар да жарнаны 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап аударады. Бұл санаттағылар жарнасы 2 төменгі айлық жалақының 5 пайызын немесе 2017 жыл үшін 2445,9 теңгені құрамақ. Сонымен қатар жеке кәсіпкерлер қарамағындағы жұмыскерлер үшін жұмыс беруші ретінде жарна аударады.
Сонымен қатар, 1-шілдеден бастап азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін жұмыскерлер де жарна аударуға міндетті. Бұл топ тапқан табысының 5 пайызы көлемінде жарна аударады. Дегенмен аталған санаттағы азаматтардың жарна есептелетін табысының ең жоғарғы мөлшері 15 төменгі айлық жалақыдан аспауы тиіс.
Сондай-ақ, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап сақтандыру жүйесіне мемлекет пен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қосылады. Мемлекет жеңілдігі бар 14 санаттағы 10 млн азамат үшін жарна төлейді.Атап айтқанда, МӘМС жүйесінде тегін сақтандырыландар балалар, зейнеткерлер, мүгедектер, жұмыссыз ретінде ресми тіркелгендер және т.б.
Сақтандырылған азаматтар МӘМС пакеті шеңберіндегі медициналық көмекті 2018 жылдан бастап пайдалана алады. Сол кезге дейін жекеменшік клиникалармен және мемлекеттік емдеу мекемелерімен медициналық қызмет көрсету туралы келісімшарттар бекітіліп бітуі тиіс.