Samsung Electronics компаниясының вице-президенті Ли Чже Ен бес жылға бас бостандығынан айырылды – деп хабарлайды Yonhap ақпарат көзі.
Сеул қаласының соты Samsung компаниясының басшысын жалған куәгерлік ету, жемқорлық, пара беру айыптары бойынша кінәлі деп танып, бес жылға бас бостандығынан айырған.
Оңтүстік Корея бас прокуратурасының мәліметінше, Ли Чже Ен Оңтүстік Кореяның аты шулы президенті Пак Кын Хе үкіметіне 6,38 миллион доллар көлемінде пара берген. Ол өзінің әкесі Ли Кун Хи өлгеннен кейін Samsung Grоup-ты толықтай өз иелігіне алып қалуға рұқсат алу үшін Пак Кын Хе билігіне 43,3 миллион доллар пара ұсынған. Бірақ Ли Чже Ен бас прокуратура таққан бұл айыптардың ешқайсысымен келіспейтінін айтқан.
Ли Чже Ен 2016 жылдың желтоқсан айында ел парламенті Пак Кын Хеге импичмент жариялағаннан кейін үш айдан соң 2017 жылдің ақпан айында қамауға алынған.