Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев облыстық мәслихаттың кезекті XIV сессиясында биылғы жылдың 7 айында атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді, деп хабарлайды ОҚО әкімдігің баспасөз қызметі.
Әкімнің берген есебі бойынша 2017 жылдың 7 айында облыста маңызды әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің өсімі сақталған. Осы уақыт ішінде облыста 439,1 млрд теңгенің өнеркәсіп өнімі өндіріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,3 пайызға өскен. Ал, өнеркәсіп саласындағы өңдеу өнеркәсібі 301,3 млрд теңгені құрап, 34,6 млрд. теңгеге артқан.
Баяндамада көрсетілгендей осы жылы негізгі капиталға 229,9 млрд теңге инвестиция тартылып, бұл республикадағы үлесінің 5,7 % құраған. Өңірге көптеп инвестиция тарту мақсатында жыл басынан бері шетел инвесторларымен 40-тан аса іскерлік кездесулер ұйымдастырылды.
Нәтижесінде, БАӘ – медициналық бұйымдар және дәрілік заттар шығаратын зауыт салу, Ресей елімен – Еуро-5 стандартына сай жанар-жағармай өндіретін мұнай өңдеу зауытын салу, ал Қытай елімен бірлесе биоэталон, фосфор тыңайтқышын шығаратын және 200 МВт күн электр станциясы құрылыстарын жүргізу мақсатында келісімдерге келді.
Сондай-ақ, облыста жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпорын субъектілері 177 709 бірлікке жеткен. Ал, бұл салада жұмыспен қамтылғандар 331 490 адамды құрады. Олармен 158,3 млрд теңгенің өнімі өндірілген.
Сессияда облыс басшысының жұмысын оң бағалаған депутаттар аудан, қаланың дамуы және тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту бағытында ұсыныстары мен өзекті мәселелер бойынша сұрақтарын қойды.
Айта кетейік, Жансейіт Түймебаев Оңтүстік Қазақстан облысына әкім болғалы басқа емес осы өңірден солтүстікке көшкен отбасылар саны көбейді және көшкендердің көпшілігі жұмыссыз, әлеуметтік жағдайы орта тұрғындар.