Қырғызстан соты елдегі жалғыз оппозициялық телеарнаны жауып тастады.

Бішкек қаласының Первомай аудандық соты «Сентябрь» оппозициялық телеарнасының журналистерін тамыздың 22-сі күні сағат 14:00-де Қырғызстан бас прокуратурасының өтініші бойынша басталған сот отырысына шақырған.

«Сентярбрь» арнасының ресми өкілі Қайыргүл Үрүмқанованың айтуынша, сот қызметкерлері телеарнаға тікелей эфирде көрермендерді қабылдайтын телефон нөміріне хабарласып, сот отырысына шақырған. Сот процессі қорғаушысыз, телеарна басшысынсыз өткен.

Қырғызстан бас прокуратурасының таратқан мәліметі бойынша, «Сентябрь» телеарнасына байланысты қылмыстық іс арна басшылығы эфирден "экстремистік бағыттағы материалдарды насихаттағаннан" кейін барып қозғалған. Атап айтқанда қылмыстық іс қозғауға 2015 жылы Ош облысының Ішкі істер департаментінің экс-басшысы Әбділда Қапаровтың «Сентябрь» телеарнасының тікелей эфирінде Ош облысының экс-губернаторы, экс-премьер-министр, Қырғызстан президенттігіне үміткер Сооронбай Жээнбеков пен Қырғыз парламентінің экс-спикері Асылбек Жээнбековты Ош оқиғасынанан кейін елді-мекенді қалпына келтіруге байланысты бөлінген қаржыны жымқырды деген айыптауы себеп болған.

«Спутник» агенттігінің хабарлауынша, 2015 жылы 11-ші сәуірде өткен Қырғыз оппозициясының форумында Қапаров Ош оқиғасы кезінде Асылбек Жээнбеков бүлікшілерді қару-жарақпен қамтамасыз етіп, ұрыс алаңына 170 автомат пен 70 тапанша әкелгенін айтқан. Бірақ Қырғызстан бас прокуратурасы 2017 жылы қылмыстық істі Жээнбековтың үстінен емес, Қапаровтың үстінен қозғап, сот оны 4 жылға бас бостандығынан айырған.

Қазіргі таңда ағайынды Сооронбай және Асылбек Жээнбековтар Қырғызстан саяси алаңындағы оңтүстік кланның белді мүшелері. Соорнобай Жээнбеков алда келе жатқан сайлауда президенттікке басты үміткерлердің бірі. Өйткені оны елдің қазіргі президенті Алмазбек Атамбаев қолдауда.

Бейресми мәліметтер бойынша, кеше жабылып қалған «Сентябрь» телеарнасы өткен аптада сотталған оппозициялық саясаткер Өмірбек Текеебаевтың бастамасымен құрылған. «Сентябрь» арнасы осы уақытқа дейін Қырғызстан аумағында жұмыс істеп келген жалғыз оппозициялық телеарна болған.

“The Qazaq Times”