"Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" Кодексте сыртқы экономикалық қызметке (СЭҚ) қатысушылар үшін шығындарын оңтайландыруына мүмкіндік беретін бірақтар артықшылықтар пайда болды, деп хабарлайды ҚР Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі.
Осылайша, енді СЭҚ қатысушылардың барлығы кедендік баж салығы мен салықтардың мерзімін ұзартуға мүмкіндік алды.
ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтың мәліметінше, егер декларация тапсырушы қандай да бір себеппен кедендік баж салығы және салықтар бойынша бюджетпен есеп айырыса алмайтындай болса, онда мемлекет оған пайыз төлеу жолымен бір айға мерзімін соза алады.
«Жекелеген жағдайларда пайыз төлемей алты айға дейін мерзімін ұзарта алады. Бұл, мәселен, халықаралық келісімдер аясындағы жеткізулерді жүзеге асыру кезінде, ауыл шаруашылығы техникасын, егістік материалдарды, асыл тұқымды малды жеткізу кезінде, салық төлеуші табиғи апат, технологиялық апат және басқа да ырық бермейтін күштен зардап шеккен жағдайларда жүзеге асады», - деді Сүлейменов.
Оның айтуынша, инвесторлар үшін кедендік декларация тапсыруға дейін тауар шығару мүмкіндігі кеңейді.
"Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру аясында инвесторлар келесі айдың 10-ынан кешіктірмей кейіннен декларация тапсыруға өтініш беру негізінде тауарларды өзіне ала алады. Сондай-ақ аталған норма ендігі жерде бос қоймалар, еркін кедендік аймақ, қайта өңдеу кедендік рәсімдеулеріне де жүреді", - деді министр.