АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы жаңа кезеңге аяқ басты. Құрама Штаттардың президенті Дональд Трамп Қытайға қарсы қатаң шараларды қолға алғанын білдірді. Өткен апта соңында ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеме жасап, америкалық компанияларға Қытайдан шығып, АҚШ-қа қайтуды бұйырды.
"Барлық америкалық компаниялар Қытайдан шығып, жаңа тұрақ табуға міндетті. Олар АҚШ-қа қайтып өз өнімдерін осы елде өндіруі керек", – деп мәлімдеді АҚШ президенті өзінің "Твиттер" парақшасында.
Трамп бұл мәлімдемесін Қытайдың АҚШ тауарларына қаратқан жаңа тарифтерінен кейін жасады. Қытай өткен жұмада еліне кіретін 75 млрд доллар көлеміндегі АҚШ тауарына 5-10 пайыздық жаңа кедендік салық белгілеген болатын. Бейжіңнің жаңа ережесі желтоқсан айында ресми қолданыла бастайды.
Әрине, Қытайдың жаңа тарифтік шарасына Трамп тек америкалық компанияларды кері қайтарумен ғана жауап берген жоқ. "АҚШ 1 қазаннан бастап Қытайдың 250 млрд доллар көлеміндегі тауарына белгіленген тарифті 25 пайыздан 30 пайызға дейін көтереді", – деді президент Трамп. Бұған қоса 1 желтоқсаннан бастап Қытайдың АҚШ-тағы 10 пайыз салық салынатын 300 млрд доллар құнына ие тауарларына да тарифті көтеріп, 15 пайызға дейін жеткізетінін білдірген.
АҚШ президентінің кезекті шаралары Қытайдың жаңа тариф шарасына екі есе жауап беру ретінде бағаланды. Алайда, АҚШ-тың сауда палатасы жағынан Трамптың саясатына ашық наразылықтар да күшейді. Қалай болғанда да өткен аптаның соңында АҚШ-Қытай соғысы жаңа кезеңге аяқ басты.