Атырау облысында ірі өндіріс орталықтары қондырғыларын кезең-кезеңмен автоматтандыруға көшті. Индустриялық карта аясында жаңадан ашылған зауытта жұмыстың көбін робот техникалар атқарады. Ал мамандар өнім сапасы мен жалпы жұмыс барысын ғана қадағалап отырады, деп хабарлайды 24.kz.
Телеарнаның мәліметінше, кәсіпорынның дәнекерлеу цехында 12 робот қондырғы жұмыс істеп тұр.
"Үш-төрт адамның еңбегін атқара алады. Артықшылығы – қауіпсіздігі. Өйткені дәнекерлеуші оператор мұны алыстан басқара алады, ешқандай түтін немесе басқа да шашырайтын оттардан алыс тұрады. Тағы бір артықшылығы – сапасы. Бұл дәнекерлеу роботының тогы үлкен және темір балқыған кезде өте терең балқытып, сапасын жоғары алады", дейді өнім сапасын бақылау инженер Ерлан Маякин
Қазіргі кезде жаңа зауытта жетпіске жуық адам еңбек етеді. Маманның барлығы шетелдерде біліктіліктерін арттырған жергілікті тұрғындар екен.
"Жүз пайыз дәнекерлеу жұмыстарының ішінде 60 пайызын осы роботтандырылған дәнекерлеу машиналары өткізіп жатыр. Болашақтағы жоспарымыз – көрсеткішті 80 пайызға дейін көтеру. Зауыт тек ірі компанияларға ғана емес, жеке тұрғындарға да қызмет көрсетеді", - дейді дәнекерлеу цехының басшысы Әлібек Мұрат.
Айта кетейік, ірі кәсіпорындарда роботтардың жұмыс істей бастауы бизнес өкілдеріне тиімді болуы мүмкін. Өйткені еңбекақы төлеу шығыны азаяды. Алайда бұл еңбек күшіне кері әсер етеді. Жұмыссыздар саны артып, экономикалық белсенді халықтың табысы азаяды.