Әкімдер өңірлердегі өз жұмыстарын қайта қарап, белсенді қимылдауға тиіс. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев даму бағдарламаларының іске асырылуы және өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде өткен кеңесте осылай деді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
"Индустрияландыру аясындағы басты мәселе – инвестиция тарту. Инвесторлар әлі де әкімшілік кедергілерге тап болуда. Әкімдер өңірлердегі өз жұмыстарын қайта қарап, белсенді қимылдауға тиіс", – деді Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ президент инвесторлар тартуда Жекешелендіру жоспарын іске асырудың тиімді екенін айтып, Қазақстанның ірі компанияларын мемлекетке мейлінше пайда түсірмейінше, акцияларын асығыстықпен сатпауға шақырды.
Нұрсұлтан Назарбаев жұмыспен қамту бағдарламасының тиімділігін арттыру қажеттігіне назар аударып, әкімдерге өңірлерде тұрақты жұмыс орындарын ашу жөніндегі жұмысты жандандыруды тапсырды.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы биыл жаппай кәсіпкерлікті дамытуға 37 миллиард теңге бөлінгеніне қарамастан, шағын несие беру жұмыстарының баяу жүргізіліп отырғанын атап өтті.
Қазақстан Президенті Үкімет пен әкімдерге ахуалды терең зерттеп, агрохолдингтердің қарызына байланысты мәселелерді шешу жөнінде нақты шаралар кешенін әзірлеуді тапсырды.
Айта кетейік, қазіргі уақытта агрохолдингтер мемлекет бюджетінен бөлінетін субсидияларды орынсыз жұмсап отыр. Жыл сайын игерілмей қалатын қаржы қаншама. Ал Президент оларға қаражатты тиімді жұмсауды ескертудің орнына, олардың қарызына қатысты мәселелерін шешуді ұсынып отыр. Ал бұдан агрохолдингтер мемлекет қаржысына одан сайын масыл бола түсетіні белгілі.