Ресей үкіметі Сүрия мен Ирактағы террорлық ұйымдарда жүрген ресейлік жетім балаларды елге және кейбіреулерін ата-анасына қайтару жұмыстарын қолға алды. Бұл  туралы «Россия сегодня» телеарнасының 17 шілде күнгі хабарында айтылды, деп жазды «Шинхуа» ресми сайты.

Үкімет Адам құқықтары жөніндегі Федералдық комиссияны құру туралы шешім қабылдап, бұл балаларды Ресейге қайтару туралы жауапты қызмет атқаратындарын мәлімдеген.

Депутаттардың берген мәліметіне сүйенсек, қазір үкімет жақ соғыс болып жатқан өңірлерден ресейлік балаларды тауып ала бастаған. Оларға онда баспанасыз, аш-жалаңаш, қайда барарларын білмей қаңғып жүрген балалар туралы мәліметтер келген. Көптеген балалар өздерінің қайдан келгенін білмейтін болып шыққан. Тіпті кейбір балалар әуе шабуылы болған кезде жертөлелерге қашып тығылуды ғана білетін болған.

Бұдан бұрын Ресей президенті жанындағы Балалар құқығын қорғау ұйымының өкілі Кузнецова, Ирак пен Сүрияға әкетілген ресейлік балалар Ресейдің барлық аймақтарынан келгенін, бірақ, Шешенстан мен Дағыстан Республикасынан барғандар біршама көбірек екенін мәлімдеген болатын.  Ресейге қайтаруға тиісті көптеген балалардың туу туралы куәліктері немесе өзге  бір де бір құжаттары жоқ. Бірақ заң бойынша олар Ресей азаматы болып саналады.

Қазіргі уақытта шамамен 350 баланың саны анықталып отыр. Ресей үкіметінің өкілдері бұл мәселені толығымен шешу үшін бес немесе он жыл қажет болуы мүмкін деп отыр.

“The Qazaq Times”