Әлемдегі ең жас Нобель Бейбітшілік сыйлығының иегері пәкістандық Малала Юсуфзай бес жылдан кейін еліне қайтып оралды. Бес жыл бұрын ол талиптердің оғынан жараланған еді. Мұсылман қыздардың білім алу құқығын қорғаған Малала әлемдегі ең танымал адамдардың бірі. Тіпті Батыс елдері оны «Қыздардың білім алу құқығының символына» балайды. Ол бүгін таңертең ата-анасымен бірге Исламабад әуежайына барып қонды. Бұл туралы BBC хабарлады.
Малала 2009 жылдан Бастап талиптердің билігі астында өмір сүріп жатқан жерлестері туралы BBC-дің үрді тіліндегі сайтында жеке блогына жазып, танымал бола бастаған. Сол кезде Малаланың туған өлкесі Сватты Талибан күштері бақылауында ұстап тұрған. Кейін Пәкістан үкіметі бұл аумақты өз қарамағына қайтарды. Бес жыл бұрын Малала Юсуфзайға мектептен қайтар жолында дін фанаттары шабуыл жасаған. Басына оқ тиген Малала ауруханаға жеткізіледі, кейіннен Ұлыбританияда емделді.
Оқуын жалғастырған ол қарапайым оқушы болып қалмаған. Ол өзінің өмірінен кітап жазып жариялаған. Бұл кітабын Ұлыбритания патшайымына кезіккенде сыйға да берген болатын. Мұсылман қыздарының білім алу құқығы үшін күрескен Малала Нобель Бейбітшілік сыйлығын алды және БҰҰ тарихындағы «Ең жас елші» атағын алған. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерреш: «Әлемдегі ең маңызды нәрсе – барлық балалардың білім ала алуы. Ал, Малала бұның символы», – деп бағалаған.
Адам құқығын қорғаушы жас активист туған елінде 4 күндік сапарда болады. Сапарының күн тәртібінде елдің премьер-министрімен кездесу де орналастырылған. Ол еліндегі және әлемдегі балаларды білім алу құқығын қорғауға шақырған. Пәкістан үкіметінің мәліметіне сенсек, Малаланың әрекетінен кейін Пәкістанда әйелдердің зорлық-зомбылыққа ұшырау көрсеткіші төмендеген. 17 жастағы Малаланың арманы – Пәкістанның премьер-министрі болу.