Жыл басынан бері қаржыландырудың барлық көзі есебінен 6,2 млн шаршы метр (ш/м) тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл «Нұрлы жер» бағдарламасының жылдық жоспарының 61%-ын құрайды. Мұндай мәліметті ҚР инвестициялар және даму вице-министрі Роман Скляр келдірді.

Оның сөзінше, тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша Астана (1 680,2 мың ш/м), Алматы (981,6 мың ш/м) қалалары, Маңғыстау (592,7 мың ш/м) және Оңтүстік Қазақстан облыстары (348,9 мың ш/м) көш бастап тұр. Жеке тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша Маңғыстау, Қызылорда, Атырау және Батыс Қазақстан облыстары басым.

"7 айдың қорытындысы бойынша тұрғын үй құрылысына 445,2 млрд теңге бөлінген, оның 75,8 млрд теңгесі мемлекеттік инвестициялар. Мемлекеттік қаражаттар есебінен 8 829 пәтер (541,3 мың ш/м) салынған. Жыл соңына дейін тағы қосымша 16 176 пәтерді (948,2 мың ш/м) пайдалануға беру жоспарда бар", - деді Роман Скляр ҚР Үкіметінде өткен баспасөз конференциясында.

Сондай-ақ, министрлік өкілі биыл бағдарлама аясында әкімдіктерге 25 млрд теңге бөлінгенін және 6 мыңға жуық арендалық пәтерлердің құрылысы басталып, олардың жартысы жыл соңына дейін өткізілетінін атап өтті. Арендалық үйлермен баспана сатып алуға мүмкіндіктері жоқ халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтары қамтамасыз етіледі. Аренда ақысы, сатып алу құқығынсыз, әлеуметтік тұрғын үйдің 1  ш/м шамамен 100 теңгені құрайды.

Бұдан бөлек, жарты жылдықтың қорытындысы бойынша, жоспарланған 60 мың жер телімінен бүгінде 23,5 мың аумағы желілермен қамтылған. 4 облыс орталығында бірыңғай сәулет стилінде жеке баспаналар құрылысының пилоттық жобасын іске асыру жұмыстары басталды. Осындай баспананың құны 90%-ға дейін отандық құрылыс материалдарын пайдалану есебінен шаршы метріне 120 мың теңгені құрайды.

Пилоттық жобада жер теліміне кезекте тұрған азаматтарға дайын үйді сатып алу құқығы беріледі. Кезекте тұрған адамдар аталған баспананы өз қаражаты есебінен немесе жылдық 5%-бен ТҚЖБ-дан қарыз алу арқылы сатып ала алады.   

“The Qazaq Times”