Ғалымдардың пайымдауынша, АҚШ-тағы президент сайлауында Дональд Трамптың жеңісі мен Ұлыбританияның Еуро Одақтан кетуі – лидерсіз қалған халықтың ашу-ызасының көрінісі. Осыған байланысты физик-теоретик Стивен Хокингтің айтары бар.
«Экономикалық жаһандану мен техникалық прогресстің шарықтап дамуы адамзат үшін қауіпті. Өндірістің автоматизациялануы – басқарушылар мен креативті класстағы адамдардан басқасын, жұмыссыздыққа апарады. Содан экономикалық тұрақсыздық пайда болады. Ғаламтор аз адамға үлкен көлемде пайда табуына мүмкіндік береді. Біз онсыз да экономикалық теңсіздік артып келетін заманда өмір сүріп жатырмыз. Қазіргі таңда адамдардың өмір сүру деңгейі ғана емес, өзін-өзі қамтамасыз ете алатындай жұмыс жасау қабілеттілігі де жоғалып барады».
Ауылдағы кедейшіліктен арыламыз дегендер үміт отын арқалап қалаға жетеді. Алайда, олар елестетіп, аңсап келген «жұмақ» бұл жерде де қолжетімсіз екендігіне көз жеткізеді. Содан басқа қалаға... Мигранттар...
«Адамдар дәл осы кезеңде жұдырықтай жұмылып, бірге жұмыс жасауы қажет. Біз климаттың өзгеруі, азық-түліктің жетіспеуі, мұхиттардың тотығуы мен түрлі эпидемиялар сынды экологиялық проблемаларға тап болдық. Бұл дегеніңіз, адамзат үшін ең қауіпті уақыт туды деген сөз. Біз өзіміздің планетамызды жоюға қауқарлы технологиялар ойлап таптық. Бізде әзірше адамзат мекендейтін бір-ақ планета бар. Сол «жалғымызды» бірге қорғауымыз керек», – дейді Стивен Хокинг.
Егер әлемдегі елдер миграцияның өсімімен күрес жүргізе алмай жатса, жалпы халық бірігіп жаһандық дамуға өз үлестерін қосу керек. Тек сонда ғана мигранттар тыныш өмір мен жарқын болашақты өз елдерінен іздейтін болады. Расымен, XXI ғасырда адам баласы өзін-өзі және әлемді қызықтап жүр. Жердегі өмірді сақтап қалу үшін әр адам оған (Жерге) және өзгеге деген қарым-қатынасын өзгертуі керек. Жер дегеніміз – ӨМІР. Оны сақтау – адамзат үшін парыз.
“The Qazaq Times”