Үндістан-Қытай шекаралық дауы шиеленісіп жатқалы екі айдан асты. Шекараға таяу жол құрлысына үнді әскерлері кедергі болды деп айыптаған Бейжің тарабы, үнді әскерлерінің даулы аймақтан шегініп шығуына үш күн уақыт бергенін де айтты. Алайда, кесімді уақыт толған күннің өзінде Үндістан әскерлері орнынан табжылмады. Қытай жақ та батыл әрекетке өте қоймады. Екі елде қарулы күштерін жақындатып, құр айбармен шектеліп тұр.
Үстірт таулы өңірдегі шекара дауы шын мәнісінде қарулы күш қолдануға өтер болса не болмақ? Бұл қазір екі елдің жанжалына көңіл аударған әр тараптың ойындағы сұрақ. Үндістан, Сикким, Қытай үш елдің шекарасы түйіскен тұстағы бұл өңір соғыс туса Қытайға тиімсіздігі айдан анық. Ең басты фактор ретінде, Қытайдың негізгі әскери базасы бұл шекаралық аймақтан алыста жатыр. Америкалық және Тайуан (Тайвань) сарапшылары, егер екі ел де қарулы күш қолданар болса, екі елдің артиллериялық қосындары шешуші рөл ойнайды деп қарайды. Себебі, жер түзілісі күрделі аймақ, құрлық соғысының өзге тактикаларына қолайлылық туғызбайды деп санайды.
АҚШ CNN арнасы мен Тайуанның «Тайуан дәуір» басылымы жариялаған сараптамада, екі ел артиллериялық күштерін қолданатын болса Үндістан жақ құрлық армиясының бетке басар айбыны FH-77B (155-мм) зеңбіректерін тасып жеткізуі мүмкін деп болжайды. Бұл түрдегі атқыш зеңбіректерді Үндістан Құрлық армиясы 1986 жылы «Bofors» деп аталатын швед компаниясына тапсырыс беріп жасатқан. Бір реткі тапсырыста 200 данасын жасатқан. 1999 жылы Үндістан-Пәкістан ортақ бақылайтын Кашмир өңірінің Қарму облысында екі ел арасында шекаралық соғыс туды. Сол соғыста Үндістанның FH-77B (155-мм) артиллериялары маңызды рөл атқарды.
Алайда, Қытай әскери істер маманы Жаң Жоужоңның қарауынша, FH-77B (155-мм) зеңбіректері әлемдік озық деңгейден кем дегенде 30 жылдай артта қалған. Атап айтқанда, ауырлығы 11 тонна тұратын бұл артиллериялар Үнді-Қытай шекарасындағы таулы аймақта соғыста өз рөлін сәулелендіре алмайды. Оның үстіне бұл атқыш қарулар Үндістан құрлық қосындарында ұзақ жыл қолданыста болған. Ату және нысанаға дәлдігі жағында кемшіліктер әлдеқашан туған. Қалыпты пайдалану саны айтарлықтай жеткіліксіз деп қарайды қытайлық сарапшы. Бір сөзбен айтқанда ол бұл артиллериялар арқылы Қытай қарулы қосындарына төтеп бере алмайды екен.
Қазір Үндістан құрлық қосындарында 2820 артиллерия бар деп саналады. Алайда, бұлардың нақты қолданыстағыларының саны бұдан аз болуы мүмкін. Үндістан жақ жақынғы кезде әлемдік қару-жарақ нарығында озық артиллерияларды көптеп іздей бастаған. Қытай әскери сарапшылары 155мм түріндегі өздігінен жүретін артиллериялар жөнінен алып қарағанда, Оңтүстік Корея өндіретін К9 гаубицаларын таңдау ең дұрыс шешім деп санайды. Алайда, Үндістан мұның керісінше АҚШ-тың М777 гаубицаларын таңдаса керек.
Сингапурдың «Keys» жаңалықтар сайты бір күн бұрын жариялаған ақпаратында, Үндістанның ауыр артиллерия сатып алуға ұмтылуы «артық қадам» деп бағаланыпты. Қазіргі заман озық соғыс құралдары тұрғысынан алып қарағанда ауыр артиллериялық құралдар Екінші дүниежүзілік соғысы заманының қаруы ретінде саналады. Ал, Қытайдың «Шинлаң» агенттігінің сайты болса: «Ауыр артиллериясы жоқ Үндістан, шекаралық дау соғысқа ұласса дәрменсіз қалады. Бұл Жаңа-Делидің ауыр стратегиялық қателігі», – деп қарайды.
Алайда, Қытай Үндістанның дамыған оқты зымырандарын естен шығарып отырғаны анық. Үндістанның баллистикалық зымырандары, бейресми мәліметтерде Жер шарығының кез-келген нүктесіне шабуыл жасауға қуатты делінеді. Екі ел арасындағы шекара дауы қарулы қақтығысқа ұласып кеткен күннің өзінде Үндістанның бұл өңірдегі ұпайы басым түспесіне кім кепіл. Не десек те, екі алыптың арасында туған дау қазір ел біткенді елеңдетіп отыр.