Поль Кагаме осымен үшінші рет қатарынан Руанданың Президенті болып сайланды. Ол сайлауда 98,66 пайыз дауыс жинаса, Президенттікке үміткер тәуелсіз қатысушы Филипп Мпайимана - 0,72 %, "Демократиялық жасылдар партиясының" өкілі Фрэнк Хабинеза - 0,45% дауыс берушілердің қолдауына ие болған. Бұл туралы APF ақпараттық агенттігі жазды.

Поль Кагаме 36 жасынан бастап Руанданың де-факто көшбасшысы болып келеді. 1994 жылы оның жасақтаған әскері Руандада 800 мың адамды қырып, геноцид жасаған Хуту экстремистік тобының тас-талқанын шығарып жеңгеннен кейін, халық оны өздерінің "құтқарушы батыры" көреді. 2000 жылдан бастап ресми органның шешімімен Президент болып сайланғанымен, 2003 жылы халықтың қатысуымен демократиялық сайлау өтіп, 95 пайыз дауыспен ол өз қызметінде қалды. 2013 жылы өткен Президенттік сайлау кезінде тағы да сайлаушылардың 93 пайызының қолдауына ие болған Поль Кагаме жаңадан өткен сайлау қорытындысы бойынша да, Президенттік қызметін жалғастыра беретін болды.

Поль Кагаме елде қатаң тәртіп орнатып, қауіпсіздік пен жыл сайын 7 пайызды құрайтын экономикалық өсімді қамтамасыз етіп отыр. Дегенмен әлем басшылары оны елдегі демократиялық құндылықтарды жаныштап, жеке басының билігін күшейткісі келетін диктатор есебінде таниды. Осы тұста биыл сайлау бюллетендерінде Оппозиция өкілінің аты қанша жылдан бері бірінше рет көрініс тапқанын атап өту керек. Бейресми зерттеулер мен деректерге сүйенсек, Поль Кагаменің қарсыластары түрмеге жабылады не өлтіріледі. Сол себептен болса керек, Руандада оған ашық қарсы шығатын оппозиция жоқ.

Жергілікті кәсіпкер Жан Батист Рутайзир: "Поль Кагаме елді азат етті. Қазір біз елдің кез келген жерінде жеке басымыздың қауіпсіздігі үшін алаңдамай жүре аламыз", - дейді.

APF ақпараттық агенттігінің журналистері Руанда халқынан Поль Кагамеден басқа сайлауға қатысқан кандидаттардың есімін сұрағанда, көбі оларды танымайтынын айтқан.

2015 жылы өткен жалпыхалықтық референдумда руандалықтардың 98 пайызы Конституцияға өзгеріс енгізіп, Поль Кагамеге үшінші рет Президенттік сайлауға қатысуға рұқсат беру туралы шешім қабылдаған.

Руандалықтардың  бірнеше рет қатарынан бір Президентті таңдап, оны "бейбітшілік орнатушы" көруі, ТМД елдеріндегі бірқатар мемлекеттердің басшыларын жергілікті халықтың  "тәуелсіздік алып берген көшбасшы" көретін құбылысын еріксіз еске салады...

“The Qazaq Times”