Түркияда өткен жылы орын алған "мемлекеттік төңкеріс" оқиғасына айыпты деп табылған 500-ге жуық адам сотқа тартылды. Anadolu ақпараттық агенттігінің хабарлауынша, оларға мемлекет басшысының өміріне қастандық жасауға тырысқаны, террористік ұйыммен байланысқаны, халыққа қарсы қару қолданғаны, Түркияға материалдық шығын келтіргені, т.б. өте көп кінә артылып, жазасы кесілген.
2016 жылы Түркияда болған "мемлекеттік төңкеріс" жасауға талпыныс оқиғасы кезінде 250-ге жуық адам қаза тапқан. Олардың басым көпшілігі - қарапайым азаматтар. Мемлекет басшысы түрік халқына қайғы әкелген оқиғаға АҚШ-та тұратын ислам дінінің насихатшысы Фетхуллах Гюленді сырттай айыптап, елдегі келеңсіздікке қатысы бар азаматтардың барлығын абақтыға жауып, қудалауға ұшыратқан болатын.
Көлемі 4 мың 500 беттен тұратын айыптау қорытындысына сәйкес, 50-ге жуық азамат өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Олар - негізінен Түркия Парламентін және президент кеңсесі маңындағы жолдар мен көпірлерді жарғаны үшін айыпталғандар. Жазаға тартылғандардың қатарында "мемлекеттік төңкеріс" оқиғасы орын алып жатқанын көре тұра, әрекетсіздік танытқан генералдар мен F-16 ұшағында Түркия Парламентіне шабуыл жасаған ұшқыш және билікке қарсы астыртын әрекет ұйымдастырылған орын деп саналатын Акинчи әуе базасының қызметкерлері де бар.
Ресми деректерге сәйкес, осы уақытқа дейін, журналистер, әскерилер, оқытушылар мен басқа да мамандық иелерінің өкілі саналатын 150 мың адам тұтқындалып, оның үштен бірі қайта босатылған.