Данияның Вайле қаласында террорлық шабулға қатысы бар деген күдікпен Өзбекстан азаматы ұсталды, деп хабарлайды Eltuz.com ақпарат көзі.

Түркия билігінің өтінішімен Данияда осы жылдың басында Стамбул қаласының «Reina» түнгі клубында болған лаңкестік шабуылға қатысы бар деген күдікпен Ибрагимжон Асқаров есімді азамат тұтқындалған. Түркия билігі оны «Reina» клубына шабуыл жасаған тағы бір Өзбекстан азаматы Абдукадыр Машариповты қару-жарақпен қамтамасыз етіп отырған» деп айыптап, Дания құқық қорғау органдарынан Түркияға экстрадициялауларын сұраған.

Жергілікті БАҚ өкілдерінің мәліметінше, Асқаровты бұған дейін лаңкестік ұйымдарға қатысы бар деген күдікпен Дания полициясы бірнеше рет қамауға алған. Бірақ дәлелдердің жетіспеуіне байланысты босатып жіберуге мәжбүр болған.

Алайда бұл жолы Түркия Құқық қорғау органдары Асқаровтың «Ислам мемлекеті» лаңкестік ұйымының белді мүшесі екенін, оның «Reina» түнгі клубына шабуыл жасалған күні Стамбулда  болғанын Дания билігіне дәлелдеп шыққан. Осыған байланысты Ибагимжон Асқаров тергеу жұмыстары аяқталғанша 4 аптаға қамауға алынған.

Естеріңізге салайық, 2017 жылдың басында Стамбулдың «Reina» түнгі клубына белгісіз азамат басып кіріп, ғимарат ішіндегі адамдарға автоматтан оқ жаудырған. Салдарынан 39 адам көз жұмып, 69 адам жарақат алған.

“The Qazaq Times”