Шейх Тамим бен Хамад Аль Тани Катардың дипломатиялық дағдарысты шешу үшін Араб елдерімен келіссөздерге дайын екендігін айта келе: "Дегенмен кез келген диалог Катардың тәуелсіздігіне құрметпен қарауы тиіс", - деп мәлімдеді. Бұл туралы Әл-Жазира (Al-Jazeera) ақпараттық агенттігі хабарлады. 

Катардың басшысы сондай-ақ, мемлекет басына туған  қиын кезеңде экономикалық, дипломатиялық тұрғыда қолдау көрсеткен АҚШ, Түркия мен Германияға және Араб елдерімен арадағы медиациялық қызметі үшін Кувейтке  алғыс білдірді.

Естеріңізге сала кетейік, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Египет мен Бахрейн  Катарды террористік ұйымдарды қаржыландырды деп айыптап, онымен дипломатиялық қарым-қатынастарын үзген еді. Дипломатиялық блокададан құтылу үшін Катарға 13 түрлі міндеттемені орындау жүктелді. Олардың қатарында елдегі Түркияның әскерилерін мемлекеттен шығару, Иранмен шекараны жабу, Al-Jazeera телеарнасының қызметін тоқтату, т.б. талаптар болған. Катар бұл талаптар мемлекеттің сыртқы саясаттағы бағдарларын жеке анықтауына салынып отырған шектеу деп қабылдап, ультиматумды  орындаудан бас тартқан болатын.

Шейх Тамим бен Хамад Аль Тани өз сөзінде Катар халқына төзімділік пен беріктік танытқандары үшін ризашылық  білдірді: "Біздің халқымыз бүкіл әлемге рухының қандай мықты екендігін көрсетті. Орын алған дағдарыс пен қиындықтарға қарамастан, олар өздерін өте сабырлы ұстады. Мен сіздерді ары қарай да бекем болуға шақырамын. Біз - 2022 жылы футболдан әлем чемпионатын өткізетін елміз. Бұл біз үшін алдын-ала дайындалған сынақ болатын және біз оны ойдағыдай тапсырдық".

Осыдан бұрын Катардың мемлекеттік сайты мен ұлттық арнасына хакерлік шабуыл жасалып, ел билігінің  террористік ұйымдарды қаржыландырғаны жөнінде ақпараттар жарияланған болатын. Әлемдік қауымдастықтың пікірін өзгерту мақсатында жасалған бұл әрекетке қарсы АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон: "Катардың бүкіләлемдік терроризм мен экстремизмге қарсы жүргізіп отырған күресін жоғары бағалаймыз" деп, көршілес мемлекеттерді дипломатиялық блокаданы доғаруға шақырды.

“The Qazaq Times”