ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Үкімет отырысында министрліктің дәрілік препараттарға экономикалық қолжетімділікті қамтамасыз етуді көздейтін жоспар әзірлегенін айтты, деп хабарлайды Қазақстан-2050 сайты. 

«Қазақстанда баға белгілеудің бақыланбайтын жүйесі, бірінші кезекте, өндірушілердің  өз дәрілерінің кез келген бағасын белгілеу құқығына ие болуынан басталады. Нәтижесінде, кейбір өндірушілерде дәрігерлер мен халық арасында дәрілерді сату мен маркетингке үлкен бюджет бөлу мүмкіндігі туындайды. Дәріханалар да осы дәрілерге кез келген үстеме бағаны белгілеуге құқылы. Бір қаладағы дәріханалар арасында бағалардың айырмашылығы 20 пайызға жетсе, нарықта препарат тапшылығы туындаған жағдайда үстеме баға 200 пайызға дейін де өсіп кетуі мүмкін. Енді жақын уақытта дәрілердің шекті бағаларын белгілеу бұл жағдайды өзгертуі мүмкін», - деді министр.

Е. Біртанов хабарлағандай, әзірленген нормативтік-құқықтық актінің жобасына сәйкес әрбір өндіруші өндірілетін дәрілердің құнын базистік жеткізу шартын қамтитын «франко-зауыт» жағдайларында, яғни дәрілердің құнын зауыт аумағында тіркейтін болады.

«Әрбір өндіруші бағаларын ұсынады. Ол ұсынылған ақпараттың дұрыстығы үшін жауапты болады. Процестің келесі кезеңінде тіркелген баға бекітіледі, оған тауарды жеткізу, кедендік ресімдеу, қауіпсіздік пен сапаны бағалау шығындары, сондай-ақ Қазақстанда өндірушінің жеке заңды тұлғасы болған жағдайда маркетингтік шығыстар кіреді», - деді министр.

Министрдің сөзінше, енді тіркелген бағаны анықтағаннан кейін министрлік дәрінің шекті көтерме сауда бағасын және ең жоғары бөлшек сауда бағасын бекітеді. Осылайша, нарықтағы бәсекелестікті сақтау мақсатында, мемлекет дәрілік заттардың шекті бағаларын белгілейді, осыған сүйене отырып, әрбір дистрибьютор немесе дәріхана өз бағаларын жеңілдікпен ұсына алады.

«Алайда, бұл жүйе қандай да бір препарат атауының тапшылығы жағдайында өндірушілерге немесе дистрибьюторларға бағаны негізсіз көтеруге және артық кіріс алуға мүмкіндік бермейді», - деді ведомство басшысы.

“The Qazaq Times”