Қазақстанның консулдарына Тұрғын үй құрылыс жинақ банкін сатып алатын инвестор іздеу туралы ұсыныс жасалды. Бұл туралы "Бәйтерек" холдингінің басқарма мүшесі - басқарма директоры Айнұр Қуатова мәлімдеді.
Оның сөзінше, "Бәйтерек" қазіргі кезде еншілесі Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне стратиегиялық серіктес іздеп жатыр.
«Еншілес ұйымымыз Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне стратегиялық әріптесті тарту жұмысы басталды. Бұл банк еліміздегі неміс тәжірибесі бойынша 2003 жылдан бері тұрғын үй жинақ жүйесін жүзеге асырып келеді. Сондықтан құрметті консулдардан банкке стратегиялық әріптес іздестіру жұмысына қосылуды ұсынамыз. Бұдан акционерлік капиталды тартып қана қоймай, ипотекалық кредит нарығын да дамытуға болады», — дейді Қуатова.
Айта кетейік, ТҮҚЖБ 2016 жылы жекешелендіруге қойылған. Банк үшін тұрғын үй жинағы нарығында тәжірибесі бар арнайы сатып алушыларды іздеу жоспарланған. Сондай-ақ, банк жетекшілері ТҮҚЖБ-ға жаңа инвестордың келуі ипотека беру шарттарына еш әсер етпейтінін айтқан.
Ал осы жылдың мамыр айында есеп комитеті "Самұрық-Қазына" қорының құрамындағы үш компанияға бюджеттен қаражат бөлінгенмен, 400 мың шаршы метрден аса тұрғын үй пайдалануға берілмегенін мәлімдеген еді. Олардың ақпаратынша, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 2011-2012 жылдары "Қолжетімді баспана-2020" бағдарламасының қатысушыларын кредиттеу және жарғылық капиталын толтыру бойынша бөлінген 21 млрд теңгені игермеген. 161 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үй пайдалануға берілмеген.