Қырғызстанда шетелдік инвесторлар азаюда. Бұл тақырыпта қырғыз ақпарат құралдары жарыса талқылауда. 2018 жылдың қорытындысы бойынша Қырғызстан 31,5 пайыз инвестициясынан айырылып қалған.
Қырғыз қоғамындағы әр сала бұл мәселені әр түрлі бағалайды. Айталық, инвестиция мәселесі бойынша арнайы үкіметтік құзырлы орын бұл мәселені әлемдік тенденциямен түсіндіреді. Қырғызстанның Инвестицияны дамыту және қорғау агенттігінің мәліметінде, 2015 жылдан бері әлемде инвестицияның көлемі жыл сайын азайып келеді.
Қырғызстанға инвестиция салатындардың басым көбі тау-кен саласын көздейді. Бірақ, тау-кен өндірісі ашылған аймақтарда жергілікті тұрғындар мен инвесторлар арасында дау-дамай жиі туылуда. Жергілікті тұрғындардың наразылығынан кейін былтыр Қырғызстанда үш ірі кен өндірісінің жұмысы тоқтап қалды. Бұл елдегі тау-кен саласындағы инвестициясын бірден құлдыратты. Жылдық есеп беруде ел президенті бұл мәселені баса атап өткен болатын.
Дегенмен, Қырғызстанның кейбір сарапшылары үкіметтің инвестиция тартудағы жасап жатқан шаралары жеткіліксіз деп қарайды. Бұған дейінгі үкіметтеріне салыстырғанда көршілес және алыс шетелдермен жетерлік дәрежеде диалог орната алмай келеді деп санайды.
Қырғызстанда былтырғы жылы Қытай инвестициясы 45 пайызға, Канада инвестициясы 24,7 пайызға азайған. Бірақ, Ресей мен Түркия бұл тұста өз инвестициясын еселеп арттырған.