"Қазақстан Халық банкі" АҚ және "Қазкоммерцбанк" АҚ банкоматтық желілерді біріктіру жұмысын бастады. Енді 10 шілдеден бастап Halyk және Qazkom карталарын ұстаушылар үшін банкоматтан қолма-қол ақша алу кезінде қосымша комиссиялардың алынуы тоқтатылады. Бұл туралы Халық банктің баспасөз қызметі хабарлайды.
2017 жылғы 1 маусымдағы көрсеткіш бойынша, Халық банкінің банкоматтар желісі 2367 бірлікті құрайды, оның ішінде 559 банкоматтың cash-in функциясы бар, ал Қазкоммерцбанктің банкоматтар желісінің саны - 2292, олардың 465-інде қолма-қол ақша қабылдау функциясы жабдықталған.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, Халық банк қазіргі кезде 6 млн карта ұстаушыға қызмет көрсетеді, ал Қазкоммерцбанкте – 2 млн астам. Қазақстанның экономикалық белсенді азаматтарының көпшілігі екі банктің біріктірген банкоматтар желісінің артықшылықтарын пайдалана алады.
Қолма-қолсыз төлемдер нарығы белсенді түрде дамып жатқандығына қарамастан, қаражатты банкомат арқылы қолма-қол ақшаға айналдыру Қазақстандағы ең танымал банктік операциялардың бірі. Ресми статистика бойынша, тек 2017 жылғы сәуір айында ғана қазақстандықтар 683,2 млрд теңгеге осы сынды 17,6 млн транзакцияны жүргізген.