Алматыда қалаға қосылған елді мекендердегі тұрғындарды, соның ішінде таулы жерлерде тұратындарды қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету мақсатында 10 шілдеден бастап жаңа автобустардың бағыттары ашылады. Бұл үшін жергілікті бюджет есебінен түрлі жолмен жүруге бейімделген Евро-4 экологиялық стандарттағы 45 дизельді автобустар алынған, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Жаңа бағыттар тұрғындар мен әкімдіктерден түскен өтінімдер негізінде жасалды. Бүгінгі күнге дейін қажетті жылжымалы құрамның жоқтығы салдарынан жоғарыда аталған бағыттарға көлік қатынамайтын.
"Биылғы жылдың 10 шілдесінен бастап «Алматыэлектротранс» ЖШС мына бағыттар бойынша көлік қозғалысын қамтамасыз етеді: № 26 (Таужолы – Қалқамандағы №7емхана), № 40 (Жұмысшылар поселкесі – Мақатаев көшесі), № 125 (Көкжиек - «Армада» сауда үйі). 17шілдеден бастап мына бағыттар бойынша автобустар жүре бастайды: №14 (Қарағайлы - «Барыс-3» базары), № 15 (Алатау совхозы - «Алтын Орда» базары)", - делінген баспасөз хабарламасында.
Қала әкімдігінің мәліметінше, «Алматыэлектротранс» ЖШС-ның коммуналды кәсіпорнына ЛИАЗ маркалы 15 автобус берілген. 9,5 метрлік төмен еденді бұл автобустар Евро-5 экологиялық стандартына сай, кондиционерлермен, мүгедектер үшін арнайы көтергіштермен жабдықталған. Құжаттарды дайындау жөніндегі барлық іс-шара біткен соң олар 1 тамыздан бастап мына бағыттар бойынша жолға шығады: №28 (.Орбита 2,4 – ГЭС 2), №68 (Әл- Фараби даңғылы – Ремизовка саяжайлары).
Сонымен қатар, қала бағыттарындағы жылжымалы құрамды жаңарту мақсатында жыл аяғына дейін 300 заманауи жаңа автобустар алу үшін Алматы әкімдігі 11,5 млрд теңге бөлді.