Алматыда жаяу жүргіншіге басымдық беру үшін қайта жасалған «Астана» алаңы ашылды, деп хабарлайды Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Белгіленген мерзімінен бұрын ашылған «Астана» алаңында қозғалыс бөліктерінің жолақтары қысқарған, жүргіншілер жолы көлік легінен боллард арқылы бөлінген. Босаған кеңістіктерге веложолдар жасалған, гранит тастар төселген.Сатылы эспланада жаңартылған, олардың алдына түн мезгілінде ерекше жарықпен нұрланатын екі құрғақ фонтан орнатылған.
Классикалық стильде жасалған жарық көздері өте әдемі, алаңға урналар, шағын дүкендер, авторлық кіші пішінді архитектуралық формалар қойылған. Алаңның оңтүстік жағындағы тротуарға тас төселген және абаттандырылған. Қазан айында мұнда жалпақ жапырақты жасыл аллея пайда болады.
Әкімдіктің мәліметінше, жүргіншіге басымдық беру үшін Кабанбай батыр, Панфилов, Жібек жолы және Гоголь көшелеріндегі жұмыстар одан әрі жалғасып жатыр.
Айта кетейік, Алматы қаласында осы жылдың көктемінен бері жолдарды қайта жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Біраз көшелерге өзгерістер еніп, веложолдар салынды. Алайда бұл кейбір қала тұрғындарының ашуын туғызып отыр. Себебі олар "веложодар салынып, тарылған жоларда кептеліс көбейетінін" алға тартады.