Microsoft компаниясы "бұлтты" бағытты дамытып, қайта құрылымдау процесі бойынша 3 мыңнан аса қызметкерін жұмыстан қысқартпақшы, деп хабарлайды CBNC.
Әсіресе қысқарту жұмыстары сату бөлімінде жүргізілмек. Телеарнаның ақпаратынша, Microsoft осы бөлімдегі қызметкерлердің 10 пайызын қысқартады. Сату бөлімінде жұмыс істеп жатқандардың 75 пайызы АҚШ-тан тыс жерлерде қызмет етеді.
Microsoft өкілдерінің сөзінше, компания мұндай шешімді серіктестер мен клиенттер үшін ұсынылатын қызмет сапасын жақсарту мақсатында істеп отыр.
Сондай-ақ, Microsoft "бұлтты" технология бойынша өсімнің болатынына сенімді. Қазіргі уақытта осы бағыт бойынша компания Amazon және Google-мен бәсекелес болып отыр. Ал соңғы уақытта Microsoft-тың "бұлтты" бизнесі біраз табыс алып келген. Мысалы 2017 жылдың үшінші қаржылық тоқсанында "бұлтты" қызметтен түсім 15 пайыза өскен, ал Azure платформасының өсімі 93 пайызды құраған.
"Microsoft қызметкерлерінің көпшілігін қысқартады" деген қауесет 2017 жылдың маусым айынан бастап БАҚ-та тарай бастады. Компания жұмысы қайта құрылымдалатыны туралы Bloomberg, TechCrunch, The Wall Street Journal сыныды басылымдар жазған еді. Алайда Microsoft қысқартуға қатысты ешбір түсініктеме бергмеген.