Араб елдерінің Катарға қойған талаптары тойтарысқа ұшырады. Алайда, Сауд Арабиясы бастаған араб елдері өздерінің Катарға бағыттаған бойкот қаулысын жалғастыруға бел байлап отыр. Бұл туралы шешімдері Каирде өткен Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірлігі, Бахрейн және Египеттің сыртқы істер министрлерінің бас қосуында қабылдаған болатын.
Араб министрлері жиналыста бір ауыздан Катардың кері жауабын айыптады. Олар «Катар әмірлігі өзінің қандай күйге тап болғалы отырғандарын тура бағамдай алмай отыр» деген пікірде. Сауд Арабиясы СІМ басшысы бастап Катарға қаратылған қосымша шараларды іске қосу бойынша қарарларын ортаға салысты.
Естеріңізде болса осыдан бір ай бұрын, яғни 5 маусым күні Сауд Арабиясы бастаған бір қатар араб елдері Катармен болған барлық дипломатиялық қатынасын үзіп, Катар дағдарысын орнатқан болатын. Бұл 2017 жылдың халықаралық саяси алаңдағы ең бір елеулі оқиға болып еді. Кейіннен Катарға қойған араб елдерінің 13 түрлі талабы ақталмай қалды. Ал, араб елдері болса Катарды террорлық топтарға қолдау көрсетіп отыр деп айыптайды.
Катарды «Мұсылман бауырлар» ұйымын қолдап отыр деп айыптайтынының бір себебін тарата кетелік. Бірқатар араб елдерінің жариялаған мәліметтеріне сүйенсек, Катар билігі Иранда аң аулап жүріп қолға түсіп қалған Катар әмірінің отбасы мүшелерін құтқару үшін, Иран қолдау көрсетіп отыр деп қаралатын шиит қарулы топтарына көп мөлшерде қаржы аударған. Деректің рас-жалғандығы туралы әр елдің басылымдары әр түрлі айтады. Алайда, Сауд әулетіне қарайтын Арабстан бастаған бірқатар араб елдері Катардың бұл әрекетін террорлық ұйымға қолдау көрсету деп тауып отыр.
Катар жағы өзге араб елдері қойған талаптар мен олардың таққан айыбын теріске шығарды. Катар СІМ басшысының айтуынша олардың қойған талабы келіссөзге тарту емес, керісінше Парсы шығанағы елдерін Сауд Арабиясының сыртқы саясатына күштеп бойсындыруды көздейді екен. Сонымен бірге 13 тармақты талаптар толықтай Катардың егемендігіне қол сұғумен пара-пар деп көрсетті.
Осылай оқиға жүлгесін қуалай отырып шегініс жасайтын болсақ, Катар дағдарысының болымсыз сәулесінен АҚШ-тың көлеңкесін де көре аламыз. Құрама Штаттың қазіргі президенті Дональд Трамптың алғашқы сапары Орта, Таяу-Шығыстағы араб және еврей еліне баруы, өңірге аз болмаған жаңа оқиғалар тарту етті деуге болатындай. Катар дағдарысынан бірер апта бұрын Араб елінде болып қайтқан Трамп, кейін Израильге, сосын Еуропа елдеріне ат басып бұрды. Трамптың Орта-Шығыс саясатының басты бағыты Иранның өңірдегі ықпалының артып кетуінің алдын алу және оны саяси оқшаулау. Ол үшін араб елдерінің қолымен от көсеу көптен бергі Уашингтонға тән ғадет десек артық емес.