Германияның барлау қызметі Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Бахрейн мен Египет тарапынан Катарға тағылған айыптауларды зерттеп, ақ-қарасын ажыратады. Бұл туралы  Zeit басылымы Германияның Сыртқы істер министрлігінің басшысы делегациясынан алынған мәліметтерге сілтеме жасап, жазды.

Тергеу, іздестіру жұмыстарына қатысты жасалған келісімдер мен операцияның барысы туралы құжаттар ұсынылған жоқ.

Естеріңізге сала кетейік, 5 маусым күні жоғарыда аталған 4 мемлекет Катарды терроризмге қолдау көрсетті деп айыптап, бұл елмен дипломатиялық қарым-қатынасын үзген болатын. Доха-ға (Катардың астанасы)  қойылған саяси блокаданы алып тастап, достық байланыстарын қайта қалпына келтіруі үшін Катардың алдына Иранмен  әріптестіктен бас тарту, Түркияның әскери базасын жабу және Al-Jazeera (Әл-Жазира) телеарнасының қызметіне тыйым салу сынды талаптардың тізімі берілді.

Араб елдері Катардың аталған ультиматумға берген жауабын жарияламай отыр. Дегенмен, олардың: "Катарға қарсы қолданылған шаралар,  мемлекет өзінің бағытынан бас тартып, талаптарды қабылдамайынша, өз күшінде қала береді" деген мәлімдемесіне қарап,  Дохадан келген "сәлемдеменің" аса жылы болмағанын аңғару қиын емес.

“The Qazaq Times”