Жыл сайын Қазақстанда Астана күні қарсаңында аспаннан миллиондар жауатын күн болатын болды. Биылда құдай қазақ халқына дәл Астана күні жақындап қалғанда 18 миллионыншы азаматын берді.
Бірақ биыл құдайдың берген сыйын Алматы облысының әкімі Амандық Баталов кеш байқапты. Негізі Қазақстанның 18 миллионыншы тұрғыны Талдықорған қаласында мамырдың 11 күні дүниеге келіп қойыпты. Алайда облыс әкімі оны Астана күні қарсаңында құттықтауды жөн көрген екен.
Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитетінің мәліметі бойынша, 2017 жылдың 11 мамырында Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласында ҚР 18 милионыншы азаматшасы Муслима Саматқызы дүниеге келген екен. Осыған орай кеше облыс әкімі Амандық Баталов дүниеге келген Муслима Саматқызының отбасын құттықтап, алдағы уақытта 3 бөлмелі пәтер берілетіндігі жайында айтқан.
Естеріңізде болса былтыр дәл осы 4 шілде күні Астананың Саида Мұхамедиярова есімді миллионыншы тұрғыны дүниеге келіп, Нұрсұлтан Назарбаев пен Астана қаласының әкімі Әсет Исекешов Мұхамедияровтар отбасын құттықтап, пәтердің кілтін сыйлаған еді.
Бірақ сол кезде ҚР ұлттық экономика министрлігінің сайтында 2016 жылдың 1 мамыр күніне дейінгі статистикасы бойынша, Астана халқының саны 880 мың адамды құрайды деген ақпарат берілген еді.
Алайда биыл Астана күні қарсаңында құдайдың берген сыйына Баталов дайын болмаса да, ҚР ұлттық экономика министрлігінің статистика комитеті сақадай сай екендігін байқатты. Олар Алматы облысының әкімінен бұрын 2017 жылдың 11 мамырында Талдықорған қаласында Қазақстанның 18 миллионыншы азаматы Муслима Саматқызы дүниеге келгендігі жайында мәлімдеп қойды.
Не де болса жыл сайын Қазақстан билігі 6 шілдеге дейін миллионыншы адамдарын санаса, 6-нан кейін мерекеге шашылған миллиондарды қазақ халқы санай алмай дал болады. Бәрін айтта, бірін айт әйтеуір жыл өткен сайын Қазақстан билігі 6 шылде қарсаңында қаржы капиталына емес адам капиталына көбірек көңіл бөліп келеді.